Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда жылу құбырының жарылуынан бір баланы күйік шалып, мүгедек болып қалды

Фото: Lada.kz

Ақтауда жылу құбырының жарылуы салдарынан бір бала күйік алып, мүгедек болып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Баланың туыстарының айтуынша, оқиға 2025 жылдың 4 наурызында Ақтаудың 15-шағынауданында болған. Сол күні қар жауып тұрған. Мектептен қайтып келе жатқан Мирхат тайып кетіп, ыстық су толы шұңқырға құлап, беліне дейін күйік шалған.

Баланы алдымен Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіліп, кейін Алматыдағы күйік орталығына ауыстырды. Оған үш рет ота жасалып, денесінің жоғарғы бөлігінен алынған тері аяқтарына көшірілген. 

Нәтижесінде екі айдан кейін Мирхатқа мүгедектік рәсімделіп, ол бір жылға жуық төсекке таңылып жатыр. Қазір Мирхат тек пәтер ішінде ғана қозғала алады, себебі аяқтары салмақ көтере алмайды.

Жаңа жыл қарсаңында отбасы баланы қуанту үшін күннің батуын және отшашуды көруге оны теңіз жағасына алып шыққан. Алайда бір сағат өтпей жатып-ақ Мирхат аяғында тұра алмай, тіпті отыра да алмай қалған.

“Мұны ата-аналар сақ болсын деп айтып отырмын. Бұрын бақытты, ойнап жүрген баламыз, қазір I топтағы мүгедек. Тек физикалық емес, психологиялық жағдайы да шайқалды, немерем ашушаң, жиі күйгелектенеді. Ол мектепке барып, қатарластарымен аулада ойнауы керек еді, бірақ қазір үйде отыруға мәжбүр”, – деді баланың әжесі Ақкүміс Жұбан.

Баланың әжесінің айтуынша, “Каспий жылу, су арнасы” (КЖСА) мекемесі балаға 1,5 млн теңге бөлген, бұл қаражатқа Алматыға жол билеттері сатып алынған.

Аталған жағдайға қатысты “КЖСА” түсініктеме берді. Мекеме өкілі Манас Айтжановтың айтуынша, компания тарапынан қазба жұмыстары жүргізілмеген, жерді судың өзі шайып кеткен.

Құбырдың жарылғаны туралы хабар 15-шағынаудандағы үйлерге қызмет көрсететін жергілікті компаниядан “Каспий жылу, су арнасы” мекемесіне сағат 19:45-те түскен. Апатты жою үшін бригада дереу оқиға орнына аттанған.

“Құбыр жарылып, жер жұмсарып, соның салдарынан шұңқыр пайда болғаны анықталды. Құбырлар тозған, қаладағы көптеген аумақ дәл осындай жағдайда. Оқиға кешкі уақытта болған, аумақ жарықтандырылмағандықтан бала шұңқырға құлап кеткен. “КЖСА” тарапынан ешқандай қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Мамандар 10–12 минут ішінде жедел жетіп, сол түні-ақ аталған аумақты қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Құбырдағы ақау жойылды. Апаттық бригада келген сәтте бала ауруханада болған. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін барлық орындарда біз міндетті түрде қоршаулар мен ескерту ленталарын орнатамыз”, – деді Манас Айтжанов.

Мекеме өкілі зардап шеккен отбасыға 3 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілгенін, сондай-ақ мекеме тарапынан дәрі-дәрмек сатып алуға жәрдем берілгенін атап өтті.

Баланың ата-анасы баланың денсаулығына келтірілген елеулі зиян үшін билік органдары материалдық жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс деп санайды. Себебі отбасыны алда ұзақ әрі қымбат емдеу және оңалту кезеңі күтіп тұр.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 20:29