Ақтауда төрт баланы ұрып-соғып, басын шелекке тыққан өгей әкеге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Видеодан скрин
Ақтауда полиция төрт баланың анасы және оның азаматтық некедегі күйеуіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Олардың үстінен әйелдің бұрынғы күйеуі шағым түсіріп, балаларына зорлық-зомбылық көрсетілгенін мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ер адамның айтуынша, өгей әке үш жыл бойы балаларды ұрып-соғып, кей кездері тіпті басын шелекке батырып қинаған.
Тергеуге ер адамның әлеуметтік желіде көмек сұрап, жылап тұрған қызының видеосын жариялауы себеп болды. Ер адам бұл жағдай туралы бұрынғы әйелінің алғашқы некесінен туған үлкен ұлы арқылы білген. 16 жастағы жасөспірім үйінен қашып кеткен. Оның айтуынша, өгей әкесі бүкіл балаға қорлық көрсеткен. Әсіресе, 6 және 9 жастағы қыздар қатты жапа шеккен.
Ер адамның айтуынша, бұрын да қыздарының денесінен көгерген іздерді байқаған. Бірақ оған ерекше мән бермеген. Қазір тергеу жүріп жатқан уақытта балалар әкесінің қамқорлығына берілді. Ол енді бұрынғы әйелін ата-ана құқығынан айыруға ниетті.
"Оның азаматтық некедегі күйеуі мұны "тәрбиелеу әдісі" деп атаған. Ол балалар сабақты дұрыс оқымаса немесе түнде оянып кетсе басын шелекке батырған. Қызымның денесі көгеріп жүргенін байқап, аналарына қоңырау шалып, не болғанын сұрадым. Ол болса: "Олар далада жүгіріп жүріп құлаған шығар" деп жауап берді", – деді балалардың әкесі Тұрал Латифов.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау тұрғыны Тұрал Латифов бұрынғы әйелінің балаларына қатыгездікпен қарағанын айтып, видеоүндеу жасаған еді.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
