Ақтауда оқушы қыздар ойын үшін қатарласын мектеп әжетханасында буындырған (видео)
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Ақтаудағы мектептердің бірінде 7-сынып оқушылары өмірге қауіпті "ойынға" қатысқаны туралы видео қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлардан оқушы қыздың алдымен жәбірленушіні шапалақпен ұрғанын көруге болады. Сосын оны тұншықтырып, кеудесін басқан. Артынша қыз есін жоғалтып, еденге құлаған.
Мәліметтерге сенсек, оқиға 8 сәуірде №33 мектепте болған. Зардап шегуші жетінші сынып оқушысы. Оқушылар туралы ақпарат кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға беріліпті.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы қыздар "Иттің ләззаты" деп аталатын қауіпті ойын ойнағанын айтты. Бұл – миға оттегінің жетуін әдейі шектеу арқылы эйфориялық күйге енуге тырысатын өте қауіпті әрекет екен. Мұндай "ойындар" миға зақым келтіріп, өлімге әкелуі мүмкін.
"Қазірдің өзінде мектеп психологтарының қатысуымен оқушылар мен олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары басталды. Бұл іс Ақтау қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады. Сонымен қатар мектеп директоры тәртіптік жауапқа тартылды", – делінген білім басқармасының хабарламасында.
Мамандар мен жергілікті билік ата-аналар мен мұғалімдерді балалармен ашық сөйлесіп, мұндай қауіпті әрекеттердің салдары туралы түсіндіруге шақырады.
Қазақстанда балаларды қауіпті контенттен қорғайтын SIM-карта іске қосылды
TikTok желісіне тапанша мен пышақ ұстаған суреттерін жүктеген бір топ жасөспірімнің басы дауға қалды
Еске салайық, бұған дейін Астанада 21 жастағы жігіт өзінің немере ағасын өлтіріп, ал үш туысын пышақтап кеткен деген күдікке ілінді. Мәлімет бойынша, олардың арасында компьютерлік ойынға байланысты жанжал туындаған. Жігіт Standoff 2 ойынына тәуелді болған деседі. Онда адамдарды өлтіріп, оларға оқ атуға, граната лақтыруға, пышақтауға болады.

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сін жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды
