Ақтауда мектеп оқушысын қатарластары соққыға жыққан
Ақтауда мектеп оқушысын үш қатарласы соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Соққыға жығылған оқушының миы шайқалып, бас жарақатын алған. Қазіргі уақытта ол ауыр жағдайда ауруханада жатыр.
Оқиға сабақтан кейін болған. 9-сынып оқушысын үш қатарласы алдап, камералары жоқ, адамдар аз жерде кездесуге шақырып, металл кастетпен ұрып-соққан.
“Оқиға параллель сынып оқушылары арасында болған жанжалдан кейін туындаған. Жасөспірімдер оқиғаның себептері туралы айтқан жоқ. Біз ішкі тергеу жүргіздік. Балалармен психологтар жұмыс жасады. Сондай-ақ балалардың ата-аналарымен әңгіме өткізілді”, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Назира Акбержанова.
-
Семейде аяусыз соққыға жығылған балаға қазақстандықтар 24 миллион теңге жинап берді
-
Талдықорғанда 17 жастағы жасөспірім жігітті аяусыз соққыға жыққан
Алайда зардап шекке оқушы өзін соққыға жыққан балаларды танымайтынын алға тартты. Мектеп директорының айтуынша, бұл оқушы мектепке бір апта бұрын ауысып келген. Полиция оқиғаға қатысушыларды анықтап, қылмыстық іс қозғады.
"Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді, бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдеріне қатысты жауапкершілік мәселесі қарастырылуда. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына материалдар дайындалып жатыр”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция басқармасы.
Сонымен қатар полиция үш жасөспірімнің профилактикалық есепке қойылғанын хабарлады.
Еске салсақ, бұған дейін Семейде бір топ оқушы қатарластарын аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік. Оқушыны аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер арнайы мектепке жіберілді. Сондай-ақ осы оқиғаға байланысты мектеп директоры қызметінен босатылды.