Ақтауда екі бала отырған әткеншек газельге соқтығысты: Аттракцион уақытша жабылды
Фото: Lada/ Ақтау әкімдігі
Ақтаудағы “Сказка” аттракционында екі бала отырған әткеншек газельге соқтығысып, бүлдіршіндер зардап шекті. Дәрігерлер бір баланы ауруханаға жатқызып, екіншісін үйіне шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, бақылаушы әткеншектің жұмыс аймағында кедергілердің жоқтығына көз жеткізбеген. Аттракцион іске қосылған сәтте, оның қасында “Газель” маркалы автокөлік тұрған, балалар дәл сол көлікке соғылып қалған.
Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен екі баланың жағдайы туралы хабарлады:
“2010 жылы туған қыз баланың сол қолының алақан сүйегінің ашық сынып, ығысқан. 2013 жылы туған ер баланың оң жақ асықты жілігінің ішкі айдаршығы ашық сынған, сондай-ақ оң аяқ табанының асық сүйегі ішінен сынған, аздап ығысқан”, – деп хабарлады ведомство.
Бүгін балалар жапа шеккен аттракцион уақытша жұмысын тоқтатты.
“Қала әкімдігі полициямен бірлесіп аттракциондар паркі әкімшілігі мен қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аттракцион параметрлерін өзгерту – қоршау биіктігін арттыру және автокөліктің аттракцион аумағына кіруге тыйым салынды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері оқиға орнында әкімшілік хаттама толтырды. Анықталған заңбұзушылықтар жойылып, тексеру аяқталғанға дейін аттракцион жұмысы уақытша тоқтатылды”, – деп мәлімдеді әкімдік.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
