Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда 17 жастағы қызы жұмыс істегені үшін 10 баласы бар анаға айыппұл салған: Әйел сотта жеңіп шықты

Фото: ЖИ

Ақтау полициясы он баланың анасын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды. Көпбалалы ананың айыппұл арқалауына 17 жастағы қызының жұмыс істеуі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттіг хабарлайды.

Құқық қорғау органы он баланың анасына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша (баланы тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамау) айыптап, айыппұл салды. Әйелдің 17 жастағы қызы сатушы болып жұмыс істеген. 

Шығарылған қаулымен келіспеген көпбалалы өзінің жауапкершілікке тартылуын заңсыз деп санап, сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарай келе, келесі мән-жайларды анықтады:

  1. Инспектор кәмелетке толмаған қызды еңбек шартының жоқтығына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген;
  2. Жеке кәсіпкер мен талап қоюшының қызы арасында іс жүзінде консультант ретінде жұмысқа қабылдау туралы шарт жасалған, ол сотқа ұсынылған;
  3. Жұмыс беруші мен кәмелетке толмаған қыз сотта оның 17 жаста екенін түсіндірген.

Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін. Бірақ кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты күніне екі сағаттан аспауы тиіс. Қыз өзінің кәмелетке толмаған тоғыз бауыры болғандықтан отбасына көмектесу үшін жұмыс істеген.

Сот мынаны атап өтті:

Еңбек шартында мөрдің болмауы кәмелетке толмағанның кінәсі болып есептелмейді;

Ешкім өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес (ӘҚБтК-нің 10-бабының 2-бөлігі);

Әкімшілік іс жүргізу барысында адамның кінәлілігіне қатысты барлық күмәндар оның пайдасына қаралады (ӘҚБтК-нің 10-бабының 3-бөлігі);

Адам тек өз кінәсі дәлелденген әрекет үшін ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін (ӘҚБтК-нің 11-бабының 1-бөлігі).

“Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, сот әйелдің шағымын қанағаттандырды. Сондай-ақ оған қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жойды”, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.

Соттың қаулысы заңды күшіне енді.

Айым Болатқызы
Жұма, 31 Қазан, 2025 15:23
Талқылау