Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Қара жәшіктер Бразилиядан Қазақстанға қайтарылды
Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағының қара жәшіктері Бразилиядан Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖД
Қара жәшіктер апат туралы қорытынды шығару үшін комиссияға тапсырылды. Бұл туралы бас прокуратура мәлімдеген.
“Ұшақ апаты болған күні әуе кемесінің апатқа ұшырауын тексеру үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның басты қызметі қара жәшіктерді анықтап, тіркеу болатын. Чикаго халықаралық азаматтық авиация ережелеріне және басқа да халықаралық стандарттарға сәйкес қара жәшіктер бразилиялық тараптан алынып, қорытынды шығару үшін арнайы комиссияға тапсырылды", – делінген бас прокуратураның хабарламасында.
Ұшақтағы ең қауіпсіз жер қандай – Сарапшылар жауап берді
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта істің толық және жан-жақты тергелуін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Құқықтық ынтымақтастық аясында Әзірбайжан мен Ресей Федерациясына халықаралық тергеу сұраулары жіберілді.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Айта кетейік, Қазақстан үкіметі Ақтаудағы қайғылы оқиғаны толық әрі ашық тергеу үшін рейсті жазу құрылғыларын Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдаған еді. Артынша ұшақтың қара жәшіктерін талдау жұмыстары аяқталғаны айтылған.