“Екі сағаттық жазбалар сақталған”: Қазақстан апатқа ұшыраған AZAL ұшағының қара жәшіктерін Бразилияға жөнелтті
Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағында екі сағаттық жазбалар сақталған екі қара жәшік табылған. Жәшіктер Бразилияға жөнелтілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖД
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев BIZDIÑ ORTA подкастына берген сұхбатында табылған екі жазу құрылғысы да қазір тексеріліп жатқанын айтты.
"Бұл екі жәшік әдетте ұшақтың артқы жағында орналасады. Embraer E190 ұшағындағы жазу құрылғысының екеуі де табылды, сәйкесінше олар қазір шифрлау үшін тасымалдануда. Бұл құрылғыда экипаждың екі сағаттық жұмысы толығымен тіркелген. Тергеу кезінде барлығы нақтыланатын болады”, – деді Ластаев.
- Әзірбайжан президенті Ақтаудағы ұшақ апаты кезіндегі әрекеті үшін Қазақстанға алғыс айтты
- Әзірбайжан президенті Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Ресейге үш талап қойды
Сонымен қатар, ол қара жәшіктің түрлеріне қатысты түсіндірді.
“Қара жәшік екі түрге бөлінеді. Біріншісі - CVR деп аталатын дыбыс жазу құрылғысы. Ол барлық болып жатқан оқиғаларды, барлық дауыстық хабарламаларды, экипаж мүшелері арасындағы аудио әңгімелерді жазады. Әу бастан, әуе кемесі ұшуды бастаған сәттен бастап, бұл тіркеуші барлық осы параметрлерді автоматты түрде тіркейді: қалай, қашан, экипаж не айтады, олар қалай әрекет етеді және т.б. Екінші тіркеуші техникалық, FDR деп аталады, яғни ол ұшақтың техникалық параметрлерін жазады. Бұл қозғалтқыш жылдамдығы, май қысымы, гидравликалық қысым, джойстик немесе руль дөңгелегі бұрышы, аэронавигациялық деректерді толығымен тіркеп отырады”, – деді вице-министрі Талғат Ластаев.
Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы қара жәшіктерін Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберді.
“Оқиғаны тергеу комиссиясы Бразилияға ұшты, қара жәшіктер Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына жеткізіледі. Орталықтың (CENIPA) қажетті техникалық мүмкіндіктері бар, оларды оқуға арналған тиісті құрал-жабдықтармен және сертификатталған зертханамен жабдықталған", – деп хабарлады департамент.
Бұл мәселе мемлекет басшысының жеке бақылауында.
Еске салсақ, Қазақстан үкіметі Ақтаудағы қайғылы оқиғаны толық әрі ашық тергеу үшін рейсті жазу құрылғыларын Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдаған болатын.