"Ақшаны алған соң нөмірін өзгертіп, жоқ болды": Қазақстандықтар Instagram желісі арқылы алаяқтардың алдауына қалай түсіп қалғанын айтты
Әлеуметтік желіде саудамен айналысып, тауар сататын онлайн дүкендер өте көп. Алайда олардың арасында адал жұмыс істеп, көпшіліктің сұранысына ие болғандар да, “тауарды жібереміз” деп ақшаны алған соң байланысқа шықпай, сан соқтырып кететіндер де бар. Stan.kz тілшісі алаяқтарды әшкерелеп, оларға алданғандардың жанайқайын жеткізді. Сондай-ақ интернет алаяқтардан қалай сақтанудың жолдарын айтты.
Фото: pixabay.com/Stan.kz
“Тауарларды өте арзан бағада сатып жатты”
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Айзат Ержанова интернет алаяқтардың алдауына түскендердің бірі. Ол Instagram-дағы kidsclo_kz парақшасына жазып, балалар киіміне тапсырыс берген. Алайда алаяқтар оның ақшасын алып, сан соқтырған.
Көпбалалы ана балаларының жәрдемақысын кішкентайларының киіміне жұмсамақ болған. Сөйтіп Instagram-нан арзан бағадағы балалар киіміне тапсырыс беріп, бірден төлем жасайды.
“Ақпан айында балаларымның жәрдемақысына өздеріне киім алып берейін дедім. Қазір “неге болса да үйден шықпай-ақ, онлайн тапсырыс беруге болады” деген заман ғой. Парақшаға кірсем дүкеннің мекен жайы да, телефон нөмірі де жазулы тұр екен. Тапсырыс бермек болып WhatsApp нөмірге жаздым, маған бірден жауап берді. Сол уақытта олар тауарларды өте арзан бағада сатып жатыр екен. Сөйтіп қалаған киімдерді таңдап, тапсырыс бердім. Олар шотқа ақша жіберу керегін айтты, содан 20 мың теңге төлем жасадым”, – дейді Айзат Ержанова.
Дүкендегілер тауарды киімдерге тапсырыс берген күннің ертеңінде пошта арқылы салып жібереміз деп уәде еткен. Алайда олар сол күннен кейін мүлде байланысқа шықпаған.
“Ертеңінде көрсетілген телефонға хабарластым. Үш күн бойы ала алмадым, телефондары сөндірулі. Парақшаға кіріп көріп едім, нөмірлерін өзгертіп тастапты. “Ақшамды қайтарыңдар” деп қанша мәрте жазым, бірақ сол күйі жауап бермеді. Ең сорақысы, алаяқтар жұмыстарын тоқтатпаған, парақшасын да жүргізіп жатыр. Мен сияқты қанша аналар алданып қалып жатыр”, – дейді ашынған көпбалалы ана.
Жәбірленуші келіншек дүкен қызметкерімен сөйлескен хаттарды сақтаған екен. Төлем жасағанға дейін тұтынушының барлық сауалдарына жауап беріп отырған Мадина есімді қыз, ақшаны аударған соң байланысқа шықпай қойған.
Фото: Жәбірленуші жіберген суреттер
Бір қызығы, ол парақша әлі де жұмысын тоқтатпай, онлайн түрде тапсырыс алуда. Дүкеннің парақшасынан жазба астындағы пікірлердің жоқтығын байқауға болады. Расында, ондағы киімдердің бағасы басқа дүкендермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Ал оқырман саны 58 мыңға жуық.
Stan.kz тілшісі kidsclo_kz парақшасындағы нөмірге жазып, шағымдарға байланысты пікір білдіруін сұрады. Алайда өзін дүкен кеңесшісі деп таныстырған Карина есімді қызметкер сатып алушыларды алдағандарын жоққа шығарып, өздерінің адал жұмыс істейтінін айтты.
“kidsclo_kz парақшасымен аттас дүкендердің барлығы жалған. Біз олар үшін жауап бермейміз”, – деді кеңесші.
Фото: Stan.kz
“10 000 теңгені жібермесеңіз сіздің телефоныңызды басқа қатысушылар арасында ойнатамыз”
Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтынгүл Акімгерей есімді келіншек те әлеуметтік желідегі алаяқтардың құрығына түскен. Алтынгүл осыдан 3 ай бұрын Instagram-дағы garden_applekz парақшасында ұтыс ойналатыны жайлы жарнаманы көрген. Ол байқауда бақ сынамақ болып ұтыстың шартын орындайды.
“Байқауға қатысу үшін парақшада көрсетілген WhatsApp нөміріне “+” белгісін жіберу керек екен. “+” белгісін жіберген соң маған нөмір берілді. Сол нөмір арқылы байқауға қатысқандардың арасынан ұтыс иесін анықтайды екен. Нөмір берілген соң екі күннен кейін маған “Сіздің нөміріңіз ұтысқа ілікті” деп жазды. Ұтқаныма сене алмай “рас па?” деп сұрап едім, желіге салынған видеоны жіберді. Сөйтіп сөздеріне сендім. Сондай-ақ олар маған берілген нөмер арқылы Instagram-дағы тағы бір дүкеннен телефон, гаджеттерді жеңілдікпен алуыма мүмкіндік беретінін айтты”, – дейді Алтынгүл.
Ұтысты жіберу үшін алаяқтар жәбірленушіден ақша жіберуін талап еткен.
“10 000 теңгені жібермесеңіз сіздің телефоныңызды басқа қатысушылар арасында ойнатамыз” деп айтты. Ұтып алған Iphone-ның суретін, видеосын жіберген соң сөздеріне сеніп, ақшаны салып жібердім. Артынан чек пен жеке мекен жайымды жазып жіберуді сұрады. Сұрағанын жазып жібердім. “Телефон бір апта ішінде пошта арқылы жетеді” деп уәде етті. Олардың дүкені Павлодар қаласы, Успенский ауданында орналасқан екен. Бір апта өткен соң қайта жаздым. Бірақ жауап бермеді”, – дейді жәбірленуші.
Келіншек алғашында бұл ұтыстың жалған екенінен күдіктенген. Алайда алаяқтар оның күдігі сейілту үшін бұған дейін ұтысқа қатысып, жүлделі болғандардың желіге телефонның суретін салып, аударған ақшасының чектерін көрсеткен.
Жәбірленушінің алаяқтардың сөзіне сенуіне бұған дейін ұтыс иегері болған жігіттің видеосы себеп болған екен. Айтуынша, ол жігіт телефонды ұтып, дүкенге барған. Ондағылар ұтыс иегеріне телефонды өз қолымен табыстаған.
Stan.kz тілшісі garden_applekz парақшасында көрсетілген нөмірге де, бұған дейін ұтыс иегеріне де жазып, пікір алмақ болды. Телефон ұтып алған ер адамнан еш жауап болмағанымен, парақшаның иесі кері байланысқа шықты. Ол өз кінәсін мойындамаса да, жәбірленушінің жіберген ақшасын қайтаруға уәде етті.
Көрсетілген парақшаға кіргенде ешбір сатып алушының пікірі жоқ екенін байқауға болады. 20 мыңнан астам оқырманы бар парақша да әлі күнге дейін жұмысын жалғастыруда.
Фото: Жәбірленуші жіберген суреттер
Онлайн-дүкендерге алданып қалмас үшін не істеу керек?
Дүкеннің парақшасына өткенде сатып алушылардың пікірінің бар-жоғына мән беру керек. Сондай-ақ мына белгілерді байқасаңыз, парақшаны алаяқтар жүргізеді деп түсініңіз.
- Парақша иесі жазба астындағы пікірді жауып тастайды;
- Instagram-да stories салғанда парақшаны белгілей алмайсыз;
- Алаяқтар тауардың/қызметтің ақшасын алдын ала 100% төлеудің талап етеді;
- Дүкеннің өзі немесе қоймасы болмайды.