Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АҚШ-тың құрлықтағы әскері аймаққа келген": Трамп Иранның мұнайын бақылауға алғысы келетінін мәлімдеді

Трамп Иранның мұнайын бақылауға алғысы келетінін мәлімдеді

Фото: AP Photo

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның мұнайын бақылауға алғысы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оған қоса Трамп Иран мұнайының 90%-ы экспортталатын негізгі нысан – Харк аралын басып алу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

АҚШ-тың кейбір БАҚ мәліметінше, Пентагон Иранда құрлық операцияларын жүргізуге дайындалып жатыр, алайда Дональд Трамп бұл жоспарды мақұлдай ма, жоқ па әзірге белгісіз.

Financial Times басылымына берген сұхбатында Трамп "мұнайды басып алуды жөн көретінін" айтып, бұл қадамды Венесуэладағы жағдаймен салыстырды. Оның айтуынша, АҚШ қаңтар айында венесуэлалық көшбасшы Николас Мадуро қолға түскеннен кейін елдің мұнай саласын "ұзақ мерзімге" бақылауда ұстауды жоспарлап отыр.

"Шынымды айтсам, мен Иран мұнайын алғым келеді, бірақ АҚШ-тағы кейбір ақымақ адамдар “Мұны не үшін істеп жатырсыңдар?” дейді. Олар нағыз ақымақ. Біз Харк аралын басып алуымыз да мүмкін", – деп қосты ол.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы жанама келіссөздердің сәтті ілгерілеп жатқанын мәлімдеді.

Ол атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге болады деген пікір білдірді.

"Бізде шамамен 3 мың нысана қалды. 13 мың нысанды бомбаладық, енді тағы бірнеше мың нысанды жою керек. Келісімге тез қол жеткізуге болады", – деді Трамп.

Бұған дейін ол Иранға қойылған ультиматум мерзімін 6 сәуірге дейін ұзартқан болатын. Сондай-ақ, егер Тегеран Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастамаса және соғысты тоқтату туралы келісімнің шарттарымен келіспесе, Иранның энергетикалық нысандарына соққы беретінін ескертті.

Иран Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығуы мүмкін

Бұл туралы бірнеше ирандық БАҚ және ұлттық қауіпсіздік комиссиясының депутаты Аладдин Боруджерди айтты.

“Біз ядролық бомба жасауға ұмтылмаймыз, бірақ ережелерге сай ойнаймыз деп, бомбаның астында қалуға дайын емеспіз”, – деді ол.

Қазіргі таңда бұл мәселе, соның ішінде парламент, құзырлы органдар тарапынан қарастырылуда.

Ядролық қаруды таратпау туралы келісім – әлемде ядролық қарудың таралуына жол бермеуге бағытталған халықаралық құжат.

Иран АҚШ-тың құрлықтағы басып кіруіне қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді

Ирандық БАҚ соғыстың басталғанына бір ай толуына орай Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф жасаған мәлімдемені жариялады.

Галибаф Иран басшылығындағы ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Бұған дейін оның соғысты тоқтату мәселесі бойынша АҚШ-пен белгілі бір байланыстары бар деген ақпарат тарағанымен, ол мұны көпшілік алдында жоққа шығарған.

Өз үндеуінде Галибаф "жау ашық түрде келіссөздерге дайын екенін білдіргенімен, жасырын түрде құрлықтағы шабуылға дайындалып жатыр" деді. Оның айтуынша, АҚШ 15 тармақтан тұратын талаптар тізімін ұсынып, соғыс барысында қол жеткізе алмаған мақсаттарына жетуге тырысуда.

Сондай-ақ, ол Иран әскері "америкалық сарбаздар Иран жеріне аяқ басқан сәтті күтіп отыр, сол кезде оларға қарсы жойқын соққы жасайды" деп мәлімдеді.

Иранның берілуі туралы айтқанда, Тегеран ұстанымы "айқын" екенін және ел "қорлықты" қабылдамайтынын атап өтті.


Трамп Иранмен соғысты мамырдың ортасына дейін аяқтамақ


Аймаққа америка әскері жеткізілді

Бұған дейін АҚШ шамамен 3500 әскери қызметкердің USS Tripoli әскери кемесімен аймаққа келгенін хабарлаған болатын. The Washington Post мәліметінше, Пентагон Иранда бірнеше аптаға созылуы мүмкін құрлық операцияларына дайындалып жатыр.

Алайда бұл операцияларды Дональд Трамп мақұлдай ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Наурыз айының басында ол журналистерге "Мен ешқайда әскер жіберіп жатқан жоқпын"деп мәлімдеме жасаған. Алайда артынша "Егер жіберсем де, сіздерге бұл туралы айтпас едім" деп өз сөзін жоққа шығарды.

The New York Times дерегінше, қазіргі таңда Таяу Шығыс аймағында 50 мыңнан астам америкалық әскери қызметкер бар.

Жұма күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Ирандағы мақсаттарына "құрлықтағы әскерді қолданбай-ақ" жете алатынын айтты. Оның сөзінше, Парсы шығанағына әскери күштерді орналастыру Трампқа түрлі әрекет ету нұсқаларын ұсыну үшін жасалған.

Израиль Тегеранға соққы берді

Израиль қорғаныс армиясы Тегеран қаласына кезекті әуе соққылары сериясының аяқталғанын хабарлады. Шабуылдар уақытша командалық пункттер мен қару-жарақ өндірісіне бағытталған.

Израиль тарапының мәліметінше, Иран бұған дейінгі соққылардан кейін кейбір басқару орталықтарын мобильді форматқа ауыстырған. Қазіргі уақытта олардың бірқатары жойылғаны айтылды.

Сондай-ақ штабтарда жұмыс істеген командирлерге де соққы жасалғаны хабарланды. Соңғы тәулікте Израиль 140-тан астам соққы жасаған.

Парсы шығанағы елдеріне шабуылдар

Соңғы 24 сағатта аймақта маңызды инфрақұрылым нысандарына бірнеше рет шабуыл жасалды. Сауд Арабиясы Қорғаныс министрлігі 10 дронды атып түсіргенін мәлімдеді.

Басқа да Парсы шығанағы елдері, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейт де өз аумақтарына жасалған түнгі шабуылдар туралы хабарлады.

Сенбі күні Біріккен Араб Әмірліктері соңғы апталардағы ең ауқымды зымыран соққыларына ұшырады. Emirates Global Aluminium компаниясы Абу-Дабидегі ірі зауытына соққы тиіп, айтарлықтай шығын келгенін хабарлады. Бірнеше қызметкер жарақат алған.

Ал Кувейтте халықаралық әуежайдың радиолокациялық жүйесі қатты зақымданған.
Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі алюминий өндірушілердің бірі – Aluminium Bahrain (Alba) зауытына шабуыл жасалды.

Сенбі күні Иранның алюминий зауына жасаған шабуылынан екі қызметкер жеңіл жарақат алды. Бұл зауыт – әлемдегі ең ірі алюминий өндірісі нысандарының бірі.

Бұған дейін Alba Ормуз бұғазының жабылуынан туындаған қиындықтарға байланысты "кәсіпкерліктің үздіксіздігін қамтамасыз ету" мақсатында жалпы өндірістік қуатының 19%-ына сәйкес келетін үш өндірістік желіні тоқтатқанын хабарлаған еді.

Таяу Шығыс келіссөздері Пәкістанда өтеді

Парсы шығанағы елдері болашақ Таяу Шығыс бейбітшілік келіссөздерінде өз пікірін білдіруге мүдделі.

Жексенбі күні Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Исламабадта Мысыр, Пәкістан және Түркиядан келген әріптестерімен бірге болады. Келіссөздер екі күнге созылады деп күтілуде.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 19:51