“АҚШ, Иран және Ресей әскері оңайлықпен шықпайды”: Түркиялық саясаттанушы Сирияны алда не күтіп тұрғанын айтты
Сирияда көтерілісшілер ондаған жылдар билік еткен Асад режимін құлатты. Асадты жеңген "Хаят Тахрир аш-Шам" бастаған топтардың коалициясының жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Джулани Сирияны біріктіруге уәде берді. Сириядағы жағдай өте жылдам өзгеруде, қазір елдің болашағын болжау қиын. Асад режимінің не себепті құлады, Сирияны алда не күтіп тұр, жағдай Таяу Шығыс пен Орта Азияға қалай әсер етеді деген сұрақтардың жауабын Stan.kz тілшісі іздеп көрді. Назарларыңызға түркиялық саясаттанушы, профессор, саяси сарапшы Барыш Достердің сұхбатын ұсынамыз.
Фото: Жеке мұрағаттан (Барыш Достер)
Сирияда соғыс тоқтады деп айтуға әлі ерте
- Сирияда небәрі екі аптаның ішінде Башар Асад режимі құлап, көтерілісшілер қысқа уақытта ел астанасы Дамаскіні басып алды. Мұның себебі неде?
- Башар отбасы Асадтың әкесінің билік еткен уақытын қоса алғанда бүгінге дейін 53 жыл билік етті. 2011 жылы Сирияда жағдай ушыққан кезде Башар Асад режимі бірқатар қиындықтарға тап болған еді. 2015 жылдары Сирия қарулы күштері мен Сирия армиясының күші бәсеңдегеннен бастап Ресей Башар Асадқа әуе күштері арқылы қолдау көрсетіп келді. Ал Асадқа қарсы күштерді АҚШ, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Сауд Арабиясы қолдады. Соңғы жылдары Башар Асад бұл топтармен күресте едәуір жақсы нәтиже көрсетіп, көп аймақты бақылауға алған еді. Ол мүшелігі уақытша тоқтатылған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына қайта оралды. Тіпті, көптеген араб елдері Дамаскіде қайтадан елшілік ашу мәселелерін көтеріп, Башар Асад көптеген саммиттерге қатыса бастаған. Билікте бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсете бастаған Башар Асад режимінің 15-20 күнде құлауының бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Асад іштей арқа сүйеген бюрократия мен мемлекеттік құрылым күшті болмай шықты. Екіншіден, Ресей, Иран және Хезболланың қолдауы Асад үшін өте маңызды болды деген сөз. Олар Асадқа көмек көрсетуді тоқтатқан кезде осы оқиға орын алды. Өйткені Хезболла Ливанда Израиль соққысына қарсы тұрып жатыр. Иран Израильмен қақтығыста жеңіліс тапты. Ресей 2022 жылдан бері Украинаға басымдық беріп келеді. Осылайша, негізгі сыртқы күштердің қолдауы тоқтаған кезде Асад режимі өте қысқа мерзімде құлады.
- Башар Асад режимі құлап, көтерілісшілер билікке келіп жаңа жүйе орнатуға тырысып жатыр. Бұл жағдайда Сирияда соғыс тоқтады деп айта аламыз ба?
- Соғыс тоқтады деп айту үшін әлі ерте. Сирияда Швейцарияда, Голландияда сияқты демократия орнайды деп айту тіпті мүмкін емес. Өйткені АҚШ, Еуропалық Одақ, Иран, Ресей Сириядан оңайлықпен шықпайды. Менің ойымша, Ресей әскерінің де толық Сирия аумағынан шығарылуын күтпеу қажет.
Екіншіден, Сирияда азаматтық сана да, ұлттық сана да жоқ. Біз Сирия туралы айтқанда, ол жақтағы сүнниттер, нусайрилер, күрдтер, арабтар, түрікмендер, христиандар, друздар, армяндар туралы да айтуымыз керек. Яғни, ортақ мақсат пен түсінік жоқ. Сонымен қатар заң мен экономика да маңызды. Бұлардың ешқайсысы Сирияда болмағандықтан, Сирия жақын арада толыққанды егемендік пен демократияға қол жеткізеді деп айту қиын.
Иран мен Ресейдің екі таңдауы болды
Фото: Theins.ru
- Иран мен Ресейдің Асад билігін қолдауына қатысты не айтасыз?
- Иран болсын, Ресей болсын Сириядағы өте ықпалды мемлекеттер. Олардың Сириядағы ішкі саясатқа ықпалы күшті. Бірақ екі мемлекет те не істесе де, қанша қолдау көрсетсе де Асадтың енді өз орнын сақтай алмайтынын түсінді. Олардың алдында екі таңдау болды: Асадты қорғап, Сирияда бас тарту немесе Асадты орнынан алып Асадтан кейін билікке келетіндермен диалог жүргізу. Екі мемлекет үшін де екінші нұсқа әлдеқайда тиімді. Сириядан толығымен айырылып қалғанша Башар Асад режимін құлату дұрысырақ деп тапты деп ойлаймын.
Түркияның Сириядағы әскери күшін арттыруы жағдайға байланысты болады
- Трамп соңғы айтқан сөзінде “Башар Асар режимінің құлауының артында Түркия тұр. Кімнің нақты жеңіске жеткенін білмеймін бірақ менің ойымша бұл Түркияның жеңісі. Түркия әскерсіз, қан төгусіз бақылауды қолына алды” деді. Бұған қатысты не айта аласыз?
- Егер АҚШ-тың жаңа сайланған басшысы мақтап жатса, мақтауының артында не тұр деп ойлау қажет. Қандай талаптар қояды? Енді қандай ойын өрбітеді? Неге бұлай асыра мақтап жатыр? Өйткені оның бұлай айтуы тегін емес, артынан бір талап болатынын белгілі.
Ал Түркия жеңді деуге келмейді. Өйткені Түркияның Сирияда бірқатар өзіндік мақсаттары мен шешілмеген мәселелері бар. Біріншісі, кейбір террористік ұйымдарды залалсыздандыру. Екіншісі, Сирияның аумақтық тұтастығын қорғау. Үшіншісі, Түркиядағы уақытша қорғау мәртебесі бар сириялық босқындардың елдеріне қайтарылуы.
Егер осы үш мақсаттың барлығы орындалса, Түркия жеңді деп айта аламыз. Бірақ қазір бұлардың бірде бірі орындалған жоқ. Сондықтан Түркия жеңді деуге әлі ерте деп ойлаймын.
Фото: Anadolu Ajansı
- Осы жағдайлардан кейін Түркияның Сириядағы әскери қатысуы артуы мүмкін бе?
- Әрине, ол жағдайға байланысты белгілі болады. Түркия қолдап келген, Сирия ұлттық армиясы қазір бірқатар террор ұйымдарына қарсы соғысуда. Егер жағдай ушықса, Түркияның Сирия аумағындағы қарулы күштерінің санын заңды себептермен көбейту мүмкіндігі бар. Әскер санын арттыруы мүмкін. Алайда бұл аймақтағы оқиғалар, Сириядағы жаңа әкімшілікпен қарым-қатынастар және басқа елдермен келіссөздер арқылы анықталады.
- Түркияда уақытша қорғауға алынған сириялық босқындар елдеріне мәжбүрлі түрде қайтарылуы мүмкін бе?
- Шыны керек қазір тіпті Түркияда нақты қанша сириялық босқын бар екені туралы да ақпарат жоқ. Бірі 2 млн, енді бірі 3 млн босқын бар дейді. Бірақ бұл ресми ақпараттан үш төрт есе де көп болуы ықтимал. Сәйкесінше Түркияда уақытша қорғау мәртебесі бар сириялық босқындардың нақты санын әлі ешқайсымыз білмейміз. Олардың көбі Түркияда жұмысқа орналасып, үйленіп, балалы болып, 240 мыңға жуығы Түркия Республикасының азаматығын алып үлгерді. Әбден орналасып, осы жақтағы өмірге бейімделіп кеткеннен кейін олардың барлығын қайтару қаншалықты мүмкін? Бұл сұрақтың жауабы белгісіз. Оған қоса Сирияда не болатынын ешқайсымыз білмейміз. Егер Сирия мүмкіндігінше тезірек қалпына келіп, қайта құрылып, тұрақтылыққа қол жеткізсе, мүмкін көп босқын еліне қайтар еді. Түркиядағы сириялық босқындардың барлығы емес, ең болмағанда 25-30%-ы елдеріне оралса, бұл Түркия үшін тиімді болар еді деп ойлаймын.
- АҚШ пен Ресейдің Сириядағы ықпалы Түркияның сыртқы саясатын қалай қалыптастырады? Түркия осы екі алып күшпен тепе-теңдікті қалай орнатып отыр?
- АҚШ пен Ресей Сирияда мүлдем басқа позицияда, әсіресе Ресей соңғы бірнеше аптада Сириядан өз күштерінің бір бөлігін шығарды. Бұл Түркия үшін маңызды мәселе. Өйткені Түркия Сирияның тәуелсіздігін, тұтастығын, егемендігін және саяси бірлігін жақтайды. Түркияның Сириямен 911 шақырымдық шекарасы бар және Сириядағы барлық әлеуметтік және саяси оқиғалар Түркияға тікелей әсер етеді. Сондықтан Сириямен жақсы қарым-қатынас орнату Түркияның мүддесіндегі нәрсе. АҚШ, Израиль және Ресейдің Сириядағы ықпалының артуы Түркияға кері әсер етеді.
Сириядағы жағдай Таяу Шығыс пен Орта Азияға әсер етпей қоймайды
- Сириядағы оқиғалар жақын болашақта Таяу Шығыстағы саяси тепе-теңдікке қалай әсер етуі мүмкін деп ойлайсыз?
- Әрине Сириядағы жағдай Таяу Шығысқа әсер етпей қоймайды. Сирия орналасуы бойынша Таяу Шығыстың өте маңызды елі. Мысал ретінде Асад режимі құлағаннан кейін Израиль Голан жоталарын басып алғанын мәлімдеді. Голан жоталарын өз аумағына қосты және мұны АҚШ мойындады. Кейін Израиль әскерінің Дамаскке 19 шақырым жерге дейін жақындағанын білдік. Олар бұл шараларды қауіпсіздік мақсатында жасағандарын айтады. Шындығында, егер Израиль Палестинадағыдай Сирияда елді мекендерді қол астына өткізсе, бұл Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзатыны сөзсіз. Ал бұл Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырады. Сондықтан Сириядағы тұрақтылық, Сириядағы гүлдену, Сириядағы режимнің заңдылығы Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен тепе-теңдік тұрғысынан өте маңызды. Сириядағы тұрақтсыздық Иранға Иракқа, Түркияға, Ливанға, Палестинаға да әсер етеді.
Фото: ВВС
- Сириядағы қазіргі жағдай Таяу Шығыста үлкен қақтығысқа әкелуі мүмкін бе?
- Сириядағы қазіргі жағдай Таяу Шығыста үлкен қақтығысқа әкелмейді. Өйткені Израиль тиістісін алды, АҚШ әскері әлі де аймақта.
Асад билігі Палестинадағы Хамас пен Ливандағы Хезболланың ең маңызды қолдаушыларының бірі болды. Бірақ енді осы Сириядағы жаңа әкімшілік, жаңа режим бұрынғыдай Ливандағы Хезболлаға, Палестинада Хамасқа қолдау көрсетіп, көрсетпейтіні әлі белгісіз. Алайда қазірге дейін жасалған мәлімдемелерге қарасақ, бұрынғыдай қолдау болмайды.
- Сириядағы жағдай Қазақстан сияқты Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді?
- Атап айтқанда, Қазақстан сияқты Орталық Азияның басқа елдері үшін басты мәселе жиһадшы, салафиттік және радикалды содырлардың көші-қоны. Бұл бұрыннан келе жатқан дүние. Қақтығыс Таяу Шығыс елдерінде болғанымен, адам ресурсының белгілі бір бөлігі Орта Азиядан алып келініп жатқаны жасырын емес. Осыған дейін де солай болған, бола береді де. Мұның өршуіне жол бермеу маңызды.