Ақмола облысында кибереріктілер жасағы құрылды
Ақмола облысы полиция департаменті мен "Жастар рухы" жастар қанаты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, кибереріктілер жасағын құрды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Полиция департаментінің дерегіне сенсек, 15 қарашадан бастап бейінді мамандықтардың студенттері есірткі мен зиянды контенттің таралуымен күресіп, азаматтарды интернетте қорғаумен айналысады.
"Кибереріктілер әлеуметтік желілерден бастап маркетплейстерге дейін, әртүрлі платформаларға мониторинг жүргізеді және тыйым салынған материалдарды тез анықтайды. Олар "тұз" немесе "шөп" сияқты терминдерге, сондай-ақ есірткімен байланысты символикаға назар аударады. Сонымен қатар, олар көбінесе белгілі бір эмодзилермен бірге жүретін "жеңіл жұмыс" немесе "курьер" сияқты сөз тіркестері бар, есірткі жасырушылардың жұмысы туралы хабарландыруларды анықтайды", – делінген полиция хабарламасында.
Күдікті мазмұндағы мәтіндер табылған кезде еріктілер скриншоттарды бірден түсіріп, сілтемелерді сақтайды. Бұдан кейін ақпаратты кураторларға береді.
"Кибереріктілерге тәуекелдің алдын алу үшін күдікті аккаунттармен байланысқа түспеу ұсынылады. Полицейлер бұл бастама интернетті бақылауды күшейтіп, заңсыз контентке қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді деп үміттенеді", – деді облыстық полиция департаменті.
Еске салайық, бұған дейін ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінбейтінін айтты. Үмітжан Арықбекова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында кибермәдениетті қалыптастыру бойынша көп қаржы бөлінбейтінін айтады. Сөзінше, 2024 жылы 8 миллион теңге киберхабарландыру деңгейін есептеуге ғана арналған екен.