Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігі тіл мәселесін талқылады

Мемлекеттік тілді дамыту мәселелері басымдыққа ие болу керек және "жай сөз жүзінде емес"  іс жүзінде бірлескен күш-жігермен, кешенді және жүйелі әдістермен шешілуге тиіс. Бұл туралы "Қазақ тілі" халықаралық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының мүшелері Көкшетауда өткен жиында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, отырысқа "Қазақ тілі" халықаралық қоғамының атқарушы директоры Лариса Алдабергенова, аудандық филиалдардың және аудандық тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

"Қазақ тілі" халықаралық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының қызметіне тоқталған басшы Ермек Нұғманов ұйымды институттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 

"Бүгінде 17 аудан мен 3 қалада 20 аудандық филиал құрылды. Сондай-ақ, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда "бастауыш ұйымдар" жұмыс істей бастады. Көрнекі ақпарат құралдарын сауатты жазу бойынша жастармен, бизнесмендермен кездесулер өткізілуде", - деп атап өтті баяндамашы.

Мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты пікірлерін білдірген жиынға қатысушылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту қажет деген шешімге келді. Баяндамашылардың негізгі лейтмотиві оны мемлекеттік құқық саласында қолдануға, мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыруға бағытталды.

"Дөңгелек үстел" қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Кездесу барысында "Көкшетау Энерго" ЖШС-ның бас директоры Досымхан Аралбаев облыстық филиалдың жұмысын қолдап, оны одан әрі дамытуға өз қаражатынан 5 миллион теңге бөлді.
Шара соңында Лариса Алдабергенова аудандық бөлімшелер үшін тіл саласындағы қоғамдық маңызды бастамаларды жүзеге асыру үшін жобаларды әзірлеу бойынша тренинг өткізді.
 

Талқылау