Ақмола облысында болған жарылыста қаза тапқандардың аты-жөні белгілі болды

Ақмола облысында болған жарылыста қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды. Қайғылы оқиға салдарынан жеті адам көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысында болған қайғылы оқиға салдарынан жеті адамның қаза тапқаны белгілі болды. Олардың бесеуі жедел жәрдем жеткенге дейін көз жұмса, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген алғашқы минуттарда қайтыс болған.
Қаза тапқандар:
- Ирина Попова
- Елизавета Казанцева
- Наталья Никитина
- Вячеслав Евдокимов
- Зухредин Ашуарбеков
- Маргарита Явкина
Жетінші марқұмның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің мәліметінше, қазір ауруханаларда 13 адам ем қабылдап жатыр. Олардың да жағдайы өте ауыр.
"Түнде алты науқас көпбейінді облыстық ауруханаға эвакуацияланды, барлығы жансақтау бөлімінде жатыр. Бурабай аудандық ауруханасында жеті адам ем қабылдауда, оның төртеуінің жағдайы ауыр. Қалған үшеуі травматология бөлімінде жатыр", – деді Нариман Ермек.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің басым бөлігінде бет, қол және аяқтың үстірт күйіктері тіркелген.
"Кейбір науқастарда ингаляциялық күйік бар, яғни ішкі тыныс жолдары зақымданған. Негізгі диагноз күйік ауруы және термиялық шок. Науқастардың жағдайының ауыр болуына осы факторлар әсер етіп отыр", – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басшысы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртеніп жатқан дәмханадан әрқайсысы 50 литрлік бес газ баллоны және екі оттегі баллоны шығарылған.
"Осылайша ғимарат ішінде қайталама жарылыстардың алдын алу мүмкін болды", – деп хабарлады ведомство өкілдері.
- "Кейбірінің шашы жоқ, қан-жоса болып шықты": Кәугерлер Щучинсктегі жарылыс сәтін айтып берді
-
Павлодар облысында көпбалалы отбасының үйі өртеніп, екі бала қаза тапты
Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?