Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында әкесі мен баласы өртенген үйден үш баланы аман алып шықты

Фото: Видеодан скрин

Ақмола облысында әке мен баланың ерлігі талай жанды тәнті етті. Біржан Сал ауданына қарасты Үлгі ауылында болған өрт кезінде олар үш баланы ажал аузынан аман алып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға көпбалалы ана Юлия Черкасскаяның үйінде болған. Өрт шыққан сәтте үйде оның бес баласы болған. Екеуі өздігінен сыртқа шығып үлгерсе, қалған үшеуін ауыл тұрғындары Ерлан Тоқсанбаев пен оның ұлы Мирас от жалынан құтқарған. Мирас Тоқсанбаев – болашақ құтқарушы болуды армандайтын жасөспірім. Ол әкесімен бірге санаулы минуттар ішінде лапылдап жанып жатқан үйден үш баланы аман алып шыққан.

"Ең алдымен газ баллонды сыртқа шығарып, электр сымдарын ажыраттым. Қолымда тырма бар еді, сонымен есептегішті сөндірдім. Кейін терезені бұзып, балаларды сыртқа шығара бастадық. Біреуі терезе жақта болды, қалған екеуі бөлменің ішінде еді", – деді Ерлан Тоқсанбаев.

Балалар құтқарылғаннан бірнеше минут өткен соң үйдің ішінде қалған газ баллондары жарылып кеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жетіп, жалынды толық сөндірді.

"Оқиға орнына келгенімде бір қыз терезелерді қағып, “іште балалар бар” деп айғайлап жүр екен. Терезені бұзып, ішке кірдім. Балалардың бәрі бір бөлмеде отырған. Сыртқа шықсам, әкем бір қызды алып шыққан, қалған екеуін маған беріп жатыр", – деді Мирас Токсанбаев.

Құтқарушылардың мәліметінше, өрттің шығуына қысқа тұйықталу себеп болған. Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтардың батыл әрекетінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.

"Ерланның іс-әрекетін шынайы ерлік деп бағалаймын. Ол өз өмірін қатерге тігіп, балаларды жалын ішінен алып шықты. Мұндай жағдайлар жиі кездескенімен, әркез осылай дер кезінде көмек көрсету мүмкін бола бермейді", – деді Біржан Сал ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Денис Шелкоплясов.

Өрт кезінде балалардың анасы қатты шошығанын, бірақ бәрінің тірі қалғанына шексіз шүкіршілік ететінін айтты.

"Балаларымды құтқарып қалған адамдарға шексіз ризамын. Құдайға шүкір, бәрі жақсы аяқталды. Әрине, қорқыныш, шок жағдайында болдық. Бірақ балалар бәрін тез ұмытады ғой", – деді Юлия Черкасская.

Қазір зардап шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтарды мемлекеттік наградаға ұсыну мәселесі қарастырылып жатыр екен.


Өрт әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде жиі кездеседі: өңір әкімдіктеріне мұндай үйлердің тізімін нақтылау тапсырылды


Қостанай облысында 2022 жылғы орман өртінен кейінгі ағаштар аукционға шығарылды


Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында ер адам өртеніп жатқан үйден отбасын құтқарып, өзі қаза тапқанын жазған едік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Тереңкөл ауданында тұрғын үйдегі өрт кезінде 1982 жылы туған ер адам қаза тапқан. Ер адамның өртеніп жатқан үйден әйелін және балаларын құтқарамын деп көз жұмғаны белгілі болды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 08:29
Талқылау