Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысы мен Алматыда белгісіз адамдар Қытайдан келген қазақтарды көшеде соққыға жықты

Ақмола облысы мен Алматыда белгісіз бұзақылар Шыңжаңнан келген босқындар - этникалық қазақ-қандастарды ұрып кетті. Бұл туралы "Настоящее время" телеарнасының сюжетінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Зардап шеккендердің бірі - Мұрагер Әлімұлы. 2019 жылдың соңында ол Шыңжаңнан жасырын түрде Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы қашып кеткен. Мұрагер Қазақстанда ұсталып, сегіз айға түрмеге жабылды. Сотта босатылғаннан кейін ел билігі оған босқын мәртебесін берді.

Ер адамның айтуынша, ол шабуылдан кейін ғажайыптың күшімен тірі қалған. 

"Туысыма қонаққа барғанмын. Үйге қайтып келе жаттым. Кешкі сағат 22:00 шамасы. Көшеде екі адам жақындады. Мен оларды бұрын көрмегенмін. Біреуі маған пышақ сұғып алды.Жолым болды. Қалтамда пауэрбанк болды. Соққы соған тиді. Содан кейін олар менің басымнан және арқамнан металл таяқпен ұрды", - деді Мұрагер.

Шабуылдан кейін жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Ауыр жарақаттары жоқ. Қазір ол тек бас пен арқадағы ауруға шағымданады. Полиция шабуыл фактісі бойынша іс қозғады.



Сонымен қатар Алматыда Шыңжаңнан келген қашқын Қайша Ақанға да шабуыл жасалды. Дүкеннен қайтып бара жатқан әйелді көшеде соққыға жыққан. Жәбірленушінің айтуынша, оны басынан ұрып, қылқындырған, жердің бойымен сүйреген, содан кейін ол есін жоғалтқан.

Түрксіб аудандық полиция басқармасы шабуыл фактісі бойынша "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалғанын, тергеу басталғанын хабарлады.

Бірқатар құқық қорғаушылардың пікірінше, осылайша босқындарды Қытайдағы саны аз ұлттарды қудалау туралы айтпауы үшін қорқытады.

Зардап шеккен Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы бұған дейін Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерлерінде аймақтағы қазақтарды, ұйғырларды және басқа да байырғы халықтардың өкілдерін күштеп ұстап отырғанын жария еткен.

Қытай билігі өз кезегінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы мұсылмандар үшін "қайта тәрбиелеу лагерлері" туралы айыптауларды жоққа шығарады. Қытай тарапының мәлімдеуінше, бұл нысандар - кәсіби дайындық орталықтары және терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі күш-жігердің бір бөлігі.

Талқылау