Ақкенттегі өрт: Министр Алматыдағы тұрғын үй кешендерін тексеру не себепті тоқтағанын түсіндірді
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің өрт және сейсмикалық қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігін тексеруді не себепті билік тоқтатқандығын түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коомуникациялар қызметінде өткен брифингте министр бұл мәселенің күрделі екенін айтты. Алайда тұрғын үй кешендерін толықтай тексеруге министрліктің өкілеттілігі жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
"Иә, мәселе бар, біз онымен жұмыс істеп жатырмыз. Тексеру функциялары бір уақытта тоқталған еді. Шағын орта бизнес субъектілеріне қысымды төмендету мақсатында бұл тексеру іс-шаралары өте шектеулі жүргізілді. Қазір кешендердің талапқа сай екендігін тексеру мәселесі ең өзекті болып отыр. Мұны тіпті "Ақкент" тұрғын үй кешенінде болған өрт айқындап берді. Түтін шығару және өрт дабылы жүйелері онша тиімді жұмыс істемеді, түтінсіз баспалдақтар адамдарды эвакуациялауға мүмкіндік бермеді", - деді министр БАҚ өкілінің сұрағына жауап бере отырып.
Министр Астанадағы тұрғын үй кешендерінде де қауіпсіздік мәселелері сақталмағанын жасырмады. Министрлік мүлік иелері бірлестігімен бірге елордадағы биік ғимараттарға тексеру жүргізгендігін айтты.
"Тексеріс барысында кемшіліктерді көрдік, ешқандай нұсқаулық қалдырған жоқпыз, өйткені ресми түрде тексеруге әлі құқығымыз жоқ. Осы жұмыстармен бірге біз тұрғын үй кешендерінің көпшілігінде оқу-жаттығулар өткіздік. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Айта кетейін, оқу-жаттығулар жаңа форматта өткізілуде", - деп СырымШәріпханов.
Ведомство басшысы құрылыс салушылар бірінші кезекте ғимараттардың қауіпсіздігіне назар аудару қажеттігін ескертті. Үй пайдалануға берілгеннен кейін меншік иелерінің өздері басқарушы компаниялармен бірлесіп тиісті әрі қалыпты жағдайда сақталуына және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады.
Сондай-ақ, ТЖМ министрі қазақстандық құтқарушылар 28 қабатқа дейінгі тұрғын үй кешендеріндегі өртті сөндіруге қауқарлы екендігін айтты. Дегенмен, әлі де қажетті өрт сөндіру жабдықтарын жаңарту қажет. Шәріпханов екі қабаттан жоғары барлық ғимараттар төтенше жағдайда адамдарды құтқаруға мүмкіндік беретін өрт сөндіру жүйелерін орнатуы керектігін ескертті.
Еске сала кетейік, 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үй өртенді. Тұрғындар өмірлерін арашалау үшін терезеден секіруге мәжбүр болды. Оқиға салдарынан 1 адам мерт болып, 43-і зардап шеккені мәлім болды.
Осы оқиғадан соң ТЖМ Сырым Шәріпханов құрылыс ережелерін бұзатын және өрт сөндірушілер үшін жеткілікті орын қалдырмайтын компанияларға қатысты тексеріс қажет екенін мәлімдеген еді.