Алматыда 5 жұлдызды қонақ үйде отбасылық жанжалдан соң сәби шетінеп кетті
Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде ер адам өзінің бір жарым жасар қызын өлтірді деген күдікке ілінді. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген бүлдіршіннің өміріне дәрігерлер де араша бола алмады. Сұмдық оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Сурет: Табылды Қадырбеков
Жантүршігерлік оқиға 24 қазан күні таңғы сағат 7 шамасында қаладағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде болған. Бес жұлдызды мекемеде ерлі-зайыптылар бір жарым жасар қызымен бірге болыпты. Мекеме қызметкерлері бұл отбасы туралы қандай да бір ақпарат бермеді.
«Біз ол отбасы туралы қандай да бір ақпарат бере алмаймыз. Сол күні қонақ үйдің бөлмесінде отбасылық жанжал болғанын білеміз. Кейін анасы шырқырап фойеге жүгіріп келіп, бізден көмек сұрады. Аяусыз соққы көрген қызға алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық. Кейін жедел жәрдем шақырып, баланы қалалық балалар ауруханасына алып кеткен”, - деді Intercontinental Almaty қонақ үйінің сату және маркетинг директоры Әлия Дәулетова.
Басынан соққы алып, есінен айырылған бүлдіршінге алғашқы медициналық қызмет көрсетіліп, жүрегі соға бастаған. Бірақ кейін жағдайы нашарлап, шетінеп кетеді. Сұмдық жағдайға қатысты қалалық денсаулық сақтау бөлімі тілшілерге қандай да бір ақпарат бере алмады. Тек баланың ауруханаға тым ауыр халде түскенін, бас-миының қатты жараланғанын айтты. Ал өз қызын есінен танғанша ұрған әкенің үстінен қазір қылмыстық іс қоғзалды.
БҚО-да жоғалып кеткен ағайынды балалардың екіншісі де өлі табылды >>>
“Аталған жантүршігерлік қылмыс Бостандық ауданына қарасты қонақүйлердің бірінде орын алды. Кішкентай бір жарым жастағы бала өз әкесінің қолынан зардап шекті. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып ҚК-тің 99-бабы бойынша тіркеліп алдын ала тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сезікті азамат қамауға алынды, ол уақытша оқшалау абақтысында қазір”, - деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Осылайша қалалық полиция департаменті аталмыш іске қатысты адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Егер күдіктінің кінәлі екендігі анықталса, сот оны 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.