Ақбота Керімбекованың жолдасы: Ұлдардың анасын қызғанып жүргендерін түсінемін
Ақбота Керімбекованың қайынатасы оның балаларының тілін табу үшін барын салғанын айтады. Тіпті, той үстінде шақырып алып сырласқан екен. Рауан мырзаның өзі де қарым-қатынастарында еш қиындық жоқ екенін айтады. Ал әншінің ұлдары өз кезектерінде аналарының үшінші күйеуін “әке” деп атауға келіскен.
Сурет: Ақбота Керімбекованың жеке парақшасынан
Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтылды, – деп хабарлайды Stan.kz.
Бір кездері әкесінің қамқорлығынсыз өскен Ақбота ұлдарының той үстіндегі көңіл-күйін бір кісідей түсінетінін айтып жатыр. Үшінші мәрте тұрмысқа шығуға шешім қабылдамай тұрып, үш ұлыммен ұзақ сөйлестім дейді ол. Десе де, ер жетіп қалған ұлдарының тілін табу аналарының емес, көп жылдар бойы ұстаздықты кәсіп қылған Тілеген ағаның қолынан келген сыңайлы.
“Бұрынғы келінімнің тарапынан ешқандай бөтен әңгіме болған жоқ. Не болса да, барлығы ішінде жатыр. Ол да біреудің алтын қызы. Біз оған бақыт тілейміз тек қана. Бес жылдай бізбен бірге тұрып, қызымдай болды. Ол да біздің аялы алақанымызды сезінді. Кімнің кім екенін біледі. Бұл – өмір. Өмірде әркімнің түсінігі әртүрлі… Біржанмен өзім сол тойдың үстінде сөйлескен болатынмын. Басқа уақытта емес, дәл той үстінде шақырып алып, осы той туралы пікірін сұраған болатынмын. “Шырағым, ертең оқуға кетесің. Қазіргі болып жатқан жайтқа өзіңнің көзқарасың, көңілің орнықты ма? Рауан ағаңды “әке” деп атай аласың ба?” деп сұрадым. Біржан бірден “Әрине” деп жауап берді. Ендеше балаларымыз бақытты болады. Біржанмен үйдің үлкені болған соң сөйлесіп отырмын. Оның үстіне ол өз ойын ашық, еркін жеткізе алады. Бойында ерге тән қасиеттер бар”, – дейді Тілеген Дәулетов.
Бүгінде Рауан сүйіктісінің ұлдарымен дос болып әңгіме құратын дәрежеге жеткен екен.
“Олар сүйген адамымнан туған балалар ғой. Ер жетіп қалды. Біржан да өзінің орнымен жүреді. Ақан да сол. Ешқандай да бір қиындық тудырды деп айтпаймын. Кез келген бала анасын іштей қызғанады. Мен де қызғанып қаламын. Бірақ арамызда аса бір қиындық бар деп айта алмаймын. Жақсы сөйлесіп жүрміз. Оңаша жүріп те сырластық. Өзімнің інілерім сияқты десем артық айтпаймын. Кішкене ұл мені “папа” деп атап жүр. Қолыңнан келсе, бауырыңа басқан жақсы ғой. Қазақта “Жетім көрсең жебей жүр” деген мақал бар. Аллаға шүкір, жетім емес, анасы бар. Бірақ, менің де ұлым бар”, – дейді Рауан Дәулетов.
Бірінші некесінің сәтсіз аяқталып, бұрынғы әйелі екеуінің ортасында ұлдары бар екенін Рауан мырза о бастан ағынан жарылып, сүйіктісіне айтқан екен.