Ақбота Керімбекова: Ұлым қазіргі күйеуімді туған әкесі деп ойлап жүр
Ақбота Керімбекова үшінші күйеуін балаларының қалай қабылдағанын және отағасының немен айналысатынын айтып берді. Әнші өнер жолын таңдамағанда үй шаруасындағы әйел болатынын айтты.
Бұл туралы Бірінші арнаның “Қалаулым” бағдарламасында айтылды.
– Бұл некені балалар қалай қабылдады?
– Әр адам әр нәрсені санасы мен тәрбиесіне байланысты түсінеді. Үш баламды менің анам тәрбиеледі. Оларда іштей қызғаныш болғаны өтірік емес. Бірақ, бетіме келіп қарсылық білдірген жоқ. Керісінше “Ана, бақытты болсаңыз болды! Күліп жүрсеңіз болды” деп үлкен екі ұл солай айтты. Кішкентай ұлым қазіргі күйеуімді әкесі екен деп ойлап жүр. Өзінің туған әкесі хабарсыз кеткен болатын. Олар мені түсінеді деп ойлаймын. Себебі, осы күнге дейін балаларым үшін деп өмір сүріп келдім. Жалпы түсіндіргің келсе, барлығын түсіндіруге болады.
– Қандай арман-мақсаттарыңыз бар?
– Арман мен мақсат көп. Күйеуге шықтым екен деп төрт қабырғаға қарап отырмайсың ғой. Балалар өсті. Оларды оқытып, үйлендіру керек. Күйеуімнің алдыңғы жолдасынан бір ұлы бар. Қазір қол ұстасып, тірлігімізді істеп жүрміз. Өмірде махаббаттың бар екенін көрсеткіміз келеді. Халық мені ақшасын қайда жіберерін білмей жүрген миллионер деп ойлайды. Тіпті, “Күйеу сатып алыпты”, “Күйеуі дүниеге бола келіпті” деп айтып жатады. Бірақ, мұның барлығы қате. Менің асып-тасыған ешнәрсем жоқ. Бар болғаны екі үй салғаным болмаса. Ешкімнен артық-кем емеспін. Алланың берген нәсібімен өмір сүріп келеміз. Маңдайымызға еңбектену жазылып қойған шығар. Шүкір, жаман болып жатқан жоқпыз. Сол себепті, адам қорықпай алдына мақсат қоя білуі керек. Бір-ақ рет өмір беріледі. Мұндайда артқа қарап, жалтақтап өмір сүрудің қажеті жоқ. Бір күн болса да, бақытты өмір сүруге тырысу керек.
– Қазіргі жолдасыңыз туралы айтып берсеңіз…
– Жолдасым өте жуыс, салмақты. Керісінше мені басып отырады. “Бәрі орнымен болады”, “Асықпа” деп айтып отырады. Жолдасым жеке кәсіппен айналысады. Менің көп нәрсені ойланбай істейтін қасиетім бар. Ол керісінше барлығын ойланып отырып істейді. Ең бастысы, өнерімді түсінеді.
– Өмірде өнерден басқа не нәрсеге қызығасыз?
– Мен тамақ жасағанды өте жақсы көремін. Мақтанғаным емес, бірақ тамақты дәмді жасайтыным рас. Көктемде есіктің алдына көкөністер егемін. Әнші болмасам, бір пысық қатын болатын шығармын деп ойлаймын.
– Соңғы уақытта репертуарыңызда мұңды әндер болып кеткен еді. Сонымен келісесіз бе?
– Мұңды әндер айтқым келмейді негізі. Бірақ, сазгерлер мен ақындар міндетті түрде қайғылы ән жазып береді. Содан кейін “Айналайындар, мен де бақытты болайын” деп ұрысып отырамын. Бірақ, жылдам ырғақты әндердің де бар екенін ұмытпаңыздар.
Жіберіп алмаңыз:
Тәуекел Мүсілім сүйіскен суреттерді желіде таратқан қыздармен қош айтысқанын айтты (фото)
Ақбота Сейітмағамбет алғаш рет ата-анасының өлімі жайлы айтты
Үйленгелі жатқан Артур Төлепов алғаш рет сүйіктісі жайлы сыр шертті
Желіде Қайраттың жары Жұлдыздың эксклюзивті суреттері пайда болды (фото, видео)