"Қазақ тілінің қолданысы ошақтан алыстамайды": Академик Асқар Жұмаділдаев жаңа әліпбидің ең басты кемшілігін атады
Белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, академик, экс-депутат Асқар Жұмаділдаев жаңа әліпбиді құрастыруда жіберілген басты кемшіліктерді атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында профессор жаңа әліпбиді қатаң сынға алды. Сөзінше, ол латын қаріптеріне көшу туралы идеясын мемлекет басшысының өзіне айтып берген.
"Латын әліпбиі туралы мен төрт-бес мақала жаздым. Алайда соны бір-ақ адам - президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқыды-ау деймін. Соны оқыған соң ол мені әңгімелесуге шақырды. Сол кезде "мен барған кезде тақта ілгізіп қойыңызшы" деп айттым. Кездесіп, амандасқан соң тақтада тұрып әріптерді жазып, екеуміз ұзақ талқыладық. Ол да жазды, мен де жаздым. Біраз келіспеушіліктер болды", - деді Асқар Жұмаділдаев.
Қоғам қайраткері жаңа нұсқадан қаріптердің ақсап тұрған тұсы - компьютердің пернетақтасына икемделіп жасалмауы дейді.
"Әліпби дегеніміз не? Әліпби: әріп пен цифрдан тұрады. Біздің осы кезге дейінгі әліпбиіміздің барлығы 100% әріп туралы болды. Цифр туралы мүлдем айтылмады. Мысалы, қазақша пернетақтамен "2 жердегі 2 - 4" деп жазып көріңізші. Қазақша жаза алмайсыз.
Қазақ тілді пернетақтада цифр жоқ. Себебі қазақ тілінде 3 деген цифрдың үстіне бассаңыз, "і" әрпі шығады, екіні бассақ, "ә" шығады. Ал сол цифрдың үстіне латын әліпбиін алып келіп, іліп қоюға бола ма? Қазақтың төл әріптері сыймағандықтан, сандардың үстіне қосылып кеткен. Бұл - қате. Мысалы, қазақ тілінде үйді сататыныңыз жайлы хабарландыру берейік делік. Қазақша жазып отырып, бағасын цифрмен көрсету үшін біз тілді ағылшынға не орысшаға ауыстыруымызға тура келеді. Осындай ыңғайысыздықтардан кейін кім қазақша жазғысы келеді?
Сондықтан айтарым, егер латынға көшетін болсақ, қазақ тілінде де сандар пернетақтадағы төрдегі орнын табуы керек. Яғни, әріп бір бөлек, цифр бір бөлек болғаны дұрыс. Ал егер бұлай болмаса, ешқандай банк жүйесі қазақшаға көшпейді. Қаржы ұйымдарынан бөлек, ешбір өндіріс, ешбір ғылым да қазақ тіліне ауыспайды" - деп қосты ғалым.
Айтуынша, латынға көшудің бұдан басқа себептерін қарастыру дұрыс емес.
"Егер латынға осы себептен көшейік десе, өте орынды шешім. Ал басқа себептерге байланысты латынға көшу ақылға қонымсыз. Осы уақытқа дейін кирилл әріптерімен жазып келдік қой, одан еш жеріміз кеміп қалған жоқ. Артық бес-алты әріпте тұрған ешнәрсе жоқ.
- Қазақстанның интернет кеңістігі латын әріпіне өтуге дайын ба? Мамандар пікірі
- Қазақстандықтардың құжаттары қашан латын әліпбиіне ауыстырылады: ІІМ жауап берді
Менің идеям - қазақ тілі латынға ауысса, пернетақтада жазу да ыңғайлы болғаны жөн. Яғни, ертең біз қазақша жазып келе жатып, ағылшынша пернетақтаға өзгертіп отырмауымыз керек. Әріптер осыған орай ыңғайластырылуы тиіс. Ал сандарды жазу үшін тілден тілге қайта қайта секіре беру кімге жағымды болмақ?", - дейді ол.
Бұған қоса, ғалым жаңа әліпбиді тек тіл мамандарынан бөлек, басқа саланың сарапшылары жұмыла құрастыруы қажет деген пікірде..
"Бұл жағдайды жаңа қаріпті әзірлеп отырған тіл мамандары түсінбей отыр. "Цифрлы Қазақстан" дей тұра, өз тілімізде цифрларды жаза алмасақ, мұндай әліпбидің не қажеті бар? Цифр өз орнында қалуы керек, оған ешқандай әріп ілуге болмайды. Әліпби жасау барысындағы ең үлкен кемшілік - оны құрастырумен тек қана филологтардың айналысуы. Олар жаңа әліпбидің практикалық тұрғыдағы қолданысына қарап жатқаны кемде-кем. Қазақша пернетақтамен әдемі ән жазуға болады, әдемі поэма немесе әңгіме жаза аласыз. Ал бірақ онымен формула жазуға келмейді. Өмір бойы формула жазбай, әндетіп, әлөуләйлатып жүре бермейміз ғой?!
Бұл не үшін керек? Формула арқылы біз ғылымды дамытамыз. Ғылым дамыған сайын техника саласы жанданады. Қазақтың өз техникасы пайда болуы еліміздің беделін арттырады. Қазақтың ұлттық сезімі оянып, тіліміздің беделі артады. Ал қазіргі біздің тіліміздің қолданыс аясы ошақ басынан алыстамайды", - деді Асқар Жұмаділдаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда латын қарпіндегі жетілдірілген әліпби нұсқасы ұсынылғаны айтылған еді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік