Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana-дағы жеңілдетілген билет дауы: Тексеріс материалдары сотқа жолданды

Фото: Air Astana

Air Astana-ның бұрынғы қызметкерінің даулы мәлімдемесінен кейін жүргізілген “Air Astana” және “FlyArystan”-ға қатысты жоспардан тыс тексеру материалдары сотқа жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, жоспардан тыс тексеріске ақша ұрлау және заңдастыру бойынша қылмыстық іс туралы БАҚ-та жарияланған ақпарат себеп болған.

“БАҚ-та “Air Astana” АҚ және “Fly Arystan” АҚ бойынша ақша ұрлау және заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық іс туралы материал жарияланды. Жарияланған мақалада әуе компанияларының басшылығының нұсқауы бойынша топ-менеджерлердің туыстарына және басқа адамдарға жеңілдікпен авиабилеттерді сату туралы деректер бар”, – делінген хабарламада.

2026 жылғы 9 қаңтарда прокуратура Азаматтық авиация комитетіне екі әуе компаниясының қызметін тексеру туралы талап-арыз жолдады. Комитет жоспардан тыс тексеруді тіркеп, қажетті құжаттар мен ақпаратты сұратты.

Алайда ведомство қажет ақпаратты ала алмады.

“Сұратылған материалдар берілмегендіктен, уәкілетті орган әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады. Қаралу үшін материалдар сотқа жолданды”, – деп хабарлады прокуратурада.

Азаматтық авиация комитеті Бас көлік прокуратурасының талаптарына сәйкес “Air Astana” және “Fly Arystan-ға” қатысты жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Комитет кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сілтеме жасап, мұндай тексерудің негізі прокурордың азаматтардың, бизнестің немесе мемлекеттің құқықтарына мүмкін болатын зиян фактілеріне қатысты нақты талаптары екенін атап өтті.

Сонымен бірге Азаматтық авиация комитеті сұратылған ақпараттың бір бөлігі бақылау нысанына жатпайтынын мәлімдеді.

“Бақылау және қадағалау органы құжаттар мен ақпаратты тексеру немесе профилактикалық бақылау нысанына (объектісіне) қатысы болмаса, сұратуға құқығы жоқ. Барлық деректер профилактикалық бақылау немесе тексеру нысанына жатпайды”, – деп жауап берді ведомство.


Сондай-ақ комитет “сот өндірісі тәртібімен қаралуы тиіс өтініштер, арыздар және шағымдар басқа ешбір орган, лауазымды немесе жеке тұлғалар тарапынан қаралмауы немесе бақылауға алынбауы тиіс” деп атап өтті.

“Сот әділ шешім қабылдауына кедергі келтірілмейді және заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады”, – деп мәлімдеді Азаматтық авиация комитеті.

Еске салсақ, FlyArystan компаниясының бұрынғы топ-менеджері Ренат Абулханов Air Astana әуе компаниясының әуе билеттерін жеңілдікпен басшылықтың туыстарына рәсімделіп, сатылғанын мәлімдеген болатын. Қорғаушы тараптың нұсқасы бойынша, жеңілдікпен билет алғандардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы да болған.

Адвокаттардың айтуынша, билеттер басшылықтың тікелей нұсқауымен рәсімделген. Алайда Татьяна Фостер куә деп танылмаған еді.

Айым Болатқызы
Сенбі, 21 Ақпан, 2026 11:53