Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ағалары 6 жыл бойы зорлаған: Жамбыл облысында 13 жастағы қыз бала босанды

Сенатта жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесіне арналған отырыста бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықтың ауқымы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Отырыс барысында Динара Зәкиева туыстары алты жыл бойы зорлаған қыздың жан түршігерлік оқиғасын еске салды.

"Мен жыныстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып, ана атанған қыздармен жиі кездесемін. Жақында Жамбыл облысына барып, 13 жасында ұзақ жылдарға созылған зорлықтың салдарынан бала босанған қызды көрдім", – деді Закиева.

Қазір Түркістан облысындағы әлеуметтік қолдау орталығында 13-15 жас аралығындағы 16 кәмелетке толмаған ана бар. Олардың барлығы өз туыстары тарапынан зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған.

"Көпшілігі өздеріне қылмыс жасалып жатқанын түсінбеген. Олар барлық отбасыда осылай өмір сүретін шығар деп ойлаған. Бұл мәселенің қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді және оны шешу қажеттігін дәлелдейді", – деді ол.



Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, зорлық-зомбылықпен күрес төрт негізгі бағытта жүргізіледі:

- құқықтық базаны күшейту;

- өзін-өзі қорғау және ақпараттандыру құралдарын дамыту;

- отбасымен жұмыс, қауіп факторларын ерте анықтау;

- инфрақұрылымды дамыту, жәбірленушілерге уақтылы көмек көрсету.

Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қабылданған заңда зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қарастырылған. Бұл шаралардың ішінде проблемалық отбасыларды анықтауға арналған мобильді топтар құру және әр ауданнан отбасын қолдау орталықтарын ашу қарастырылған.

"Қазіргі уақытта 112 орталық ашылды, тағы 109-ы құрылу кезеңінде. Мысалы, Түркістан облысында бұрын тек бір ғана орталық болған. Әйелдер мен балалар алыс ауылдардан қалаға баруға мәжбүр еді. Қазір өңірде 13 орталық бар, тағы төртеуі тіркеуден өтіп, жақын арада жұмысын бастайды", – деп қосты Динара Зәкиева.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие бойынша жаңа пән енгізу ұсынылған еді.

Талқылау