Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған Түркістандық екі қыздың қазіргі тағдыры белгілі болды

Түркістан облысына қарасты Шілік ауылында 27 жастағы Құндыз бен 33 жастағы Назгүл есімді қыздарды аға-жеңгесі құлдықта ұстап, жылдар бойы қорлап келген. 17 жыл құлдықта өмір сүрген қыздар бір жылдан кейін жаңа қамқоршыларына табысталды. Алайда қыздарды құлдықта ұстаған аға-жеңгесі жазаға тартылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Ең сорақысы, әке-шешеден ерте айырылған қыздарға туған ағасы мал бақтырып, мемлекеттен мүгедектігі үшін ақша алып отырған. Қыздарды сыныптастары көріп қалып, жағдайларына алаңдапты.

“Ең бірінші рет көріп сөйлескен кезде Назгүл қорқып, “сөйлескенімізді көрсе, Сәкен ағамыз ұрсады" деді. Сосын көмек керек екенін түсіндім. Үйдің артына апарып сұрастырдым. Сосын суретке түсіріп, Гүлсімжанға жібердім”,  дейді Пернебек.

Қыздардың Гүлсімжан есімді тағы бір сыныптасы оларды алғаш көргенде көмек керегін бірден түсінген.

"Маған Пернебек хабарласты, дұрыс естілмеген соң, сурет сұрадым. Көргенде таңғалдым. 11 жыл бірге оқыған қыз. Түр-әлпетін де білемін. Көріп танымай қалдым. Мектеп кезінде жап-жақсы еді. Көмек керегін білдік. Одан бір жыл өтті. Қыздардың қазіргі жағдайын көріп қуандым”, – дейді Гүлсімжан.

Қыздар бір жылдан бері арнайы мамандардың бақылауында болған. Психотерапевт Санжар Тұрсынбетов қыздардың жағдайы бір жыл бұрынғыдан әлдеқайда жақсы екенін айтты.

“Қыздардың жағдайы жақсы. Салыстыруға келмейді. Өте қиын болды. Маған көмектескен ұжымдар бар. Арттерапия, иппотерапия жасалды. Бір ғана адамның емес, үлкен команданың жұмысы”, – дейді Санжар Тұрсынбетов

Құндыз бен Назгүлдің омыртқалары қисайған. Арнайы мамандар аптасына 5 рет спорт жаттығуларын жасап, 4 ай бойы қыздардың бойын түзеді

“Қыздардың келген кездегі жағдайы қиын еді. Жастарына сәйкес әрекеттер жасай алмайтын. Қарапайым допты лақтырған кезде ұстай алмайтын. Секіре алмайтын. 4 ай көлемінде жұмыс істедік. Тіпті су сұрауды, шаршағанын айтуды білмейтін. Қазір ойын жинақтап айтатын нәтижеге жеткіздік”, – дейді дәрігер Бағдат Әметов.

Қыздарды сұмдық жағдайда ұстаған аға-жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда іс қылмыстық құрамның болмауына байланысты жабылып қалыпты.

"Қылмыстық іс қозғалды. Қамқоршы, қорғаушылардың өз міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда шара қолданылуы керек еді. Алайда шара қолданылмады. Прокуратура істі қысқартты”, – дейді заңгер Нұрболат Ибраев.

Заңгерлер іске әлдекімдердің араласқанын алға тартады.

“Прокуратура тарапынан мүлдем әрекет болмады. Қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құрам жоқ деп жабылып отыр. Бәлкім жемқорлық бар шығар. Материалдық тұрғыдан құқық қорғау органдарына әсер еткен болуы мүмкін", – дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Қазір қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова. Ол – 17 балаға қамқоршылық жасап отырған ана. Екі қызды да өз қамқоршылығына алған. Зүлфия Төленова қыздардың тағдырына әрі қарай өзі жауапты екенін алға тартты.

“Үйде қарап отырған 17 бала бар. Бағдарламадан кейін ауылдан қамқоршылық тағайындайтын кезде ғана хабарласты. Ағасы, жеңгесі хабарласпады. Түркістан облысының қамқоршылық ұйымы бір рет келді. Содан кейін келмеді. Менің алдыма қаншама тағдырлар келді. Солардың барлығын қалай бақсам, оларды да солай бағамын. Қыздарды үкіметтің қолына бергім келмейді. Халықтың алдында уәде беремін”, – дейді Зүлфия Төленова.

Талқылау