АЭС-ке қарсы шыққан белсенділерге 4 жылға шартты жаза кесілді
Фото: Власть
Алматының Алмалы аудандық соты Қазақстанда атом электр стансасын салуға қарсылық білдірген белсенділердің ісін қарауды аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу мәліметтері бойынша, зейнеткерлік жасқа дейінгі және зейнет жасындағы бес ер адам 2024 жылдың 6 қазанында (АЭС құрылысы бойынша референдум өткен күні – ред.) тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, билікке қарулы қарсылық көрсетпек болған.
Судья Ернар Қасымбеков сотталушы Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковты кінәлі деп тауып, барлығына төрт жылға бас бостандығынан шектеу жазасын кесті және оларға бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда АЭС салуға қарсылық білдірген бес адам екі айға қамауға алынғанын жаздық. Қамауға алынғандардың үшеуі егде жаста болса, ал Нұрлан Темірғалиевтің денсаулығында ақау бар.
21 тамызда Алмалы аудандық сотында АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында ұсталған белсенділердің ісі бойынша жарыссөз өтті. Мемлекеттік айыптаушы белсенділерді 5 жылға соттауды сұрады. Оларға Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1-бөлігі "Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру" және Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу" бойынша айып тағылды.

"Қылмыс көбейіп, адамдардың денсаулығы нашарлаған": Қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп жатыр
