Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуіңіз ашуланып, қол көтерсе, үндемеңіз": Белгілі исламтанушы әйел бақыты туралы кітап жазамын деп сынға қалды

Фото: Stan.kz

Threads желісінде исламтанушы, психолог Данияр Сүлейменовтің “Ең бақытты әйел” кітабы қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары ер адамның әйел бақыты туралы кітап жазғанына ашуланды. Оқырман қауым автордың айтқан ойына наразылық танытып, әйелдердің жеке тұлғалығы мен болмысын кемсітетін бірнеше сөйлемді көрсетіп берді. Stan.kz тілшісі атышулы кітапты талдап, мамандардың көзқарасын сұрады. 

Данияр Сүлейменов – дінді насихаттауға арналған бірнеше кітаптың авторы. Нұр-Мүбарак университетінің түлегі. Қолымызға түскен “Ең бақытты әйел” кітабы – тоғызыншы рет басылып шыққан. 200 беттен тұрады. Автордың туындыларының дені отбасы құндылығын насихаттауға арналған. “Бақытты отбасы болудың негіздері”, “Әйелдерге арналған 30 хадис” еңбектерінің авторы. 

кітап Фото: Кітаптан скриншот

Желі қолданушылары не дейді?! 

Желі қолданушыларын “Ең бақытты әйел” деген атпен әйелдің емес ер адамның кітап жазып шығарғаны ашуландырды. 

“Дінге немесе авторға түк наразылығым жоқ. Менің түсінбейтінім, неге еркек адам әйел бақыты туралы кітап жазады?! Мына кітап бақытты әйелді емес, күйеуіне бағынатын, соның көңілін табуды насихаттайды”, “Күйеуің ұрса, үндеме, көн” дейді. Күйеуің ұрайын деп келе жатса, полиция шақыр немесе өзін ұр” деп айтса түсінетін едім”, “E-otinish арқылы шағым түсіру керек. Күйеуі қол көтерсе, әйелі заң тұрғысынан шағымдала алады”, “Мына кітаптың кең таралуына әйелдердің өзі ат салысып отыр. Өйткені “Еркек бақыты” деп шығарса, тауары өтпейтін еді. Әйелдерді маркетинг құралы ретінде ұстап отыр”, – деп жазды көпшілік. 

Кітаптың алғы сөзінде автор алдымен, адамды бақытты ететін үш нәрсеге тоқталған: Салиқалы әйел, жақсы көлік, кең үй. Ал адамды бақытсыз ететін үш нәрсе: Мінезі жаман әйел, жаман көлік, тар үй”. 

  “Әйел қылықты болмаса, күйеуінің назары басқаға ауады”

Одан кейін күйеуінің басқа әйелге кетіп қалуы да тікелей әйелге байланысты көрінеді. Оның сөзінше, әйел тек ерінің алдында ғана сәнденуге міндетті. 

“Ұмытпаңыз салиқалы әйел күйеуінің назарын басқа әйелге аударуға жол бермейді. Әйелге тән қылығымен, жұпар иісімен, жібектің мінезімен, назды үнімен, бойсұнғыш ибалығымен күйеуін өзіне ғана қаратады. Күйеуіңіздің іштей: “Кешегі әдемілік пен жұпар иіс, жылы сөз бен сыңғырлаған күлкі қайда кетті?!” деуіне мұрсат бермеңіз. Әйел адамға көшеде емес, ерінің алдында сәнденіп жүру жарасады. Әйел үнемі қылығымен күйеуінің назарын аударып отыруы керек. Өйтпеген жағдайда, назар басқаға ауып кетеді. Тұрмысқа шыққан уақытта әйел мүлдем өзгеріп кететін көрінеді. Яғни, шынайы бет-пердесін ашып алады. Мұны қазақ: “Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?!” деп бір сөзбен айтып кеткен. Осыдан ер адамдардың 42 пайызы қорқатын болып шықты”, – дейді 

                            “Келін ененің көңілінен шығамын деп баруы керек”   

Сондай-ақ, исламтанушы келін мен ене тақырыбын да айналып өтпеген. Көпшілікке “Келіннің басты міндеті – күйеуі мен енесінің көңілін табу” деген ой тастайды. 

“Анасы – күйеуіңіздің жаннаты екені, сіздің жаннатыңыз – күйеуіңіз екенін ұмытпаңыз. Алла разылығы үшін оларға қызмет ет. Күйеуіңіздің разылығы – анасының разы болғаны. Сонда ғана күйеуіңіз бен енеңіздің көңілінен шығасыз. Бір әулетке келін болып барған адам ененің көңілінен шығамын деп баруы керек. Сол кезде күйеуі мен енесі келініне туысқандардың көзінше шаң жуытпайтын болады”, – деп жазады дінтанушы.

Фото: Кітаптан скриншот

                                                                  “Әйел ашуланса жеңіледі”

Бүгінде әйелге қол көтерген еркек заң алдында жауап береді. Автор әйелдерге зорлық-зомбылық көрсең де, сыртқа шығарма дегенді насихаттайды.

“Отбасында мәселе болғанда күйеуіңіздің бетінен алып, дауыс көтермеңіз. Себебі ер адам ашуланғанда күшке салып жіберуі мүмкін. “Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе – жеңеді” деген сөз бар. Еркелесеңіз күйеуіңіздің ашуы тез басылады. “Күйеуім маған қол көтерді, не істеймін?!” деп жазатындар бар. Айтар насихатымыз : Үндемеңіз!Күйеуіңіз айқайлап, ашуға булыққанда сіз де ашуланып кетпеңіз. Үндемеңіз. Ішіңіз қыж-қыж қайнап жатса да, үндемеңіз! Ашуды ақылға бағындырыңыз!  Арасында жылап алыңыз, бірақ күйеуіңізді кінәлап жыламаңыз: “Кешіріңіз, сізді ренжітіп немесе өкпелетіп алдым-ау” деп жылаңыз. Сол кезде еріңнің аяушылық сезімі оянады. Сізден өзі келіп, кешірім сұрайды. ”, – деп кеңес айтады жазушы. 

         “Үндемей шыдау – қолданыстағы заңға қайшы”

Осы орайда заңгер Бағдат Амандосұлынан пікір сұрадық. Заң маманы зорлық-зомбылық көрген жәбірленуші шағымдануға толық құқығы барын айтады.

“Қазақстан Республикасының Конституциясы 17-бабына сәйкес, әркімнің жеке басының бостандығына және қадір-қасиетіне құқығы бар. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. “Үндемеу” мәніне келсек, Заң тұрғысынан үндемей төзу құқықтық нормаға жатпайды. Мұндай “кеңес” адамның заңмен қорғалатын негізгі құқықтарын жоққа шығарады. Қол көтеру фактісінде жәбірленуші: полицияға арыздануға, құқыққорғау органы арқылы қорғау нұсқамасын алуға, қажет болғанда медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмекке жүгінуге құқылы. "Үндемеу" түсінігіне құқықтық баға беруге де болады. Кейбір дәстүрлі әңгімелерде әйелге "үндемей шыда" деп кеңес беріледі. Бірақ бұл қолданыстағы заңнамаға қайшы. Демек, қол көтеру кезінде үндемеу – құқық бұзушылықты жасыру болып саналады. Қол көтергенде дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз”, – дейді заңгер.                                                       

    Заң маманының сөзінше, автордың кітабын сараптамадан өткізіп, заңға қайшы тұсы дәлелденсе, құқық құрғау органдарына кез келген оқырман шағымдала алады екен. 

“Егер кітапта зорлық-зомбылықты ақтайтын немесе үндемеуге шақыратын тұжырымдар болса және ол тиісті сараптамамен расталса, онда ол ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына (алауыздықты қоздыру), сондай-ақ "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы" заңға қайшы ретінде қаралады. Шағымды ҚР Бас прокуратурасына, сондай-ақ Әділет министрлігіне жолдауға болады”, – деді Бағдат Амандосұлы.      

   Фото: Кітаптан скриншот                

                                                                  “Әйелдің жанын әйел түсінеді”

Осы тұста философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Асылтай Тасболат ер адамдардың әйелге қатысты дүниелерге қалам тербеуінің тарихын түсіндіріп берді. 

"Әйелдің бақыты, оның міндеті, қоғамдағы рөлі туралы ер адамдардың көп жазуы бұрыннан қалыптасқан дүние. Ер мен әйелге әлеуметтік рөлді қоғам таңады. Дегенмен әйелдің жанын әйел көбірек түсінеді деп ойлаймын. Тарихқа қарайтын болсақ, мысалы, Пайғамбар заманында жұбайы Айша хадистерді жеткізуші болып, іліммен айналысқан болса, кейінгі ислам ілімдері қалыптасып, жоғары білім беру институттары дамыған дәуірлерде әйел ғалымдар өте аз шыққан. Тек ХХ ғасырда ғана толықтай құқықтарына заңдық тұрғыда қол жеткізді. Біздің Алаш зиялыларының да ХХ ғасыр басында әйел теңдігі туралы көп жазуы да бекер емес. Ер мен әйелге де ілім іздеу парыз деп игілікке ұмтылуға екеуінің де құқығы бар екенін насихаттайды. Дегенмен, кейінгі дәстүрде әйелдерге қатысты тым консервативті көзқарас күшейіп кеткен. Әйелдің бақыты мен міндеті, қоғамдағы рөлі туралы жазу сол дәстүрдің инерциясы шығар бәлкім”, – дейді дінтанушы. 

Одан кейін дауға айналған кітапқа қатысты да өз ойын бөлісті. Зорлық көрсе де әйелді айыптайтын қоғамның әлі күнге дейін бар екенін жоққа шыға

                                                           “Еркек артық деген түсінік жоқ” 

“Данияр Сүлейменовтің кітабын оқыған жоқпын. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай, "Күйеуіңнің көзінше басқа әйел туралы айтпа, оның ойы өзгеріп кетуі мүмкін" деген жолда еркекті де оңдырып тұрмағаны байқалады. Ерлерді әйел жынысын көрсе, өзін ұстай алмайтын, жаппай моральдық принциптері жетілмей қалған адам ретінде сипаттаған болыпты. Жалпы, зорлық көрсе де, харрасментке ұшыраса да әйелдің өзін айыптайтын виктимблеймиңнің бір түрі ғой бұл. "Күйеуің ұрса да, үндеме, аузыңа тас салып ал" деуі – исламтанушы болса Пайғамбардың сүннетіне де қайшы. Ислам дәстүрінде Пайғамбар жұбайларына қол көтермеген деп айтылады. Құранның Ниса сүресі, 34-аятындағы "Ерлер әйелдерге қамқорлық етуші" бірін екіншісіне бағынышты ету де Алланың хикметі, өйткені ерлер әйелдерді ішіп-жеммен қамтамасыз етеді деген әлеуметтік-отбасылық шартқа байлаған. Болмысынан еркек артық деген түсінік шықпауы керек. Дәл қазіргідей ер де, әйел де жұмыс істейтін заманда теңшіл, сыйластық, бір-біріне қолдау көрсету туралы айтқан дұрыс секілді көрінеді. Құранда ер мен әйел етіп жаратып, араларыңа сезім салған Құдайға серт деп келетін аяттар да бар. Бұл сезім мен сыйластықтың маңызды екенін көрсетеді. Ұру туралы айту мен үшін – нонсенс”, – деген ой айтты қоғам белсендісі. 

Фото: Кітаптан скриншот

Қоғам белсендісі, феминист, Stop Violence End Tyranny қоғамдық қорының құрылтайшысы Мөлдір Жұмабаева кітаптағы жазылған кеңестердің бәрі адам өміріне қауіпті деп есептейді. 

“Менің ойымша, әйелдің бақыты туралы ең әуелі әйелдердің өздері айтуы керек. Өйткені әйелдің күнделікті тәжірибесін, сезімін, құқықтарын, қандай қиындықтар мен мүмкіндіктерге тап болатынын тек  әйелдің өзі толық біледі. Ал ер адамдардың бұл тақырыпқа келуі - көбіне сырттай бақылаушы, дәстүрлі көзқарасқа сүйенген түсінік. Сіз айтып отырған "Ең бақытты әйел" кітабындағы үзінділер соның айқын мысалы: онда әйелді тек күйеуінің көңіл-күйіне тәуелді, бағынушы рөлге мәжбүрлеу, зорлыққа үнсіз қарауға шақыру сияқты өте қауіпті кеңестер берілген. Бұл - жай ғана субъективті пікір емес, патриархалды көзқарастың насихаты. "Бөтен әйел туралы айтпа", "күйеуіңді басқа біреумен салыстырма", "таяқтың бір ұшы өзіңе тиеді" деген сияқты ескертулер – бұл әйелді қорқынышта ұстау, зорлық-зомбылықты қалыпты нәрсе ретінде көрсету. Мұндай көзқарас әйелдің жеке құқықтарын, бостандығын, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін шектейді”, – дейді феминист. 

Сондай-ақ, қоғам белсендісі әйел тақырыбын қозғайтын ер адамдар алдымен әйелдердің өз тәжірибесін тыңдап, гендерлік теңдік пен адам құқықтары тұрғысынан қарап, зиянды стереотиптерді қайталамауға тырысуы керек деген пікірде. 

“Әйелдің бақыты бағынушылықта емес. Әйелдің бақыты - өз өмірін өзі басқаруда, шешім қабылдау еркіндігінде, білім алуда, кәсіби және жеке дамуда, физикалық әрі психологиялық қауіпсіздігінде, құрмет пен сүйіспеншілікті еркін сезінуінде. Қазіргі таңда біз әйелді тек бір ғана рөлге - қызметші, бағынушы, үндемейтін жар рөліне тығуға емес, оның құқығын, таңдауын, даусын қорғауға тиіспіз. Сондықтан мен ер адамдардың әйелдің бақыты туралы жазуын мүлде қолдамаймын деп айтпаймын, бірақ олар мұндай тақырыпты жазғанда ең алдымен әйелдердің өз тәжірибесін тыңдап, гендерлік теңдік пен адам құқықтары тұрғысынан қарап, зиянды стереотиптерді қайталамауға тырысуы керек. Әйтпесе, бұл тек әйелді ескі патриархалды қапасқа қайта қамап, қоғамдағы теңсіздікті күшейтеді. Әйел - күйеуінің көңіл-күйіне тәуелді жан емес. Ол сезімтал, мейірімді, бірақ сонымен бірге білімді, тәуелсіз, күшті және өз өміріне толық жауапты тұлға. Қоғам әйелдің құқығын қорғап, патриархалды стереотиптердің қауіптілігін түсінуі керек. Әйелдің бостандығы мен теңдігі - жай сөз емес, нақты іс-қимылмен қорғалуы тиіс құндылықтар. Сондықтан да әйелдің бақыты туралы әңгімеде ең алдымен әйелдердің өз дауысы, өз тәжірибесі, өз пікірі алдыңғы қатарда болуы керек”, – дейді Мөлдір Жұмабаева. 
STAN.KZ
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 11:49
Талқылау