Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова туралы не белгілі

жұлдыз сүлейменова

Фото: Жұлдыз Сүлейменова Facebook-парақшасы

Мемлекет басшысының жарлығымен енді оқу-ағарту министрлігін Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова басқарады. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі жаңа министр туралы деректерді жинақтады.

Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін мәжіліс депутаты болды. Әйелдер құқығы, білім беру мәселелерін көтеріп көзге түсіп жүрді. 

Жаңа министр 42 жаста, Ақтөбе облысының тумасы.

2000-2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Тарих" мамандығы бойынша білім алған. 2006-2008 жылдары осы университеттің "Мәдениеттану" мамандығы бойынша докторантураға түсті. Ал 2012 жылы "Мәдениеттану" мамандығы бойынша PhD дәрежесін қорғап шықты.

Студенттік жылдары ҚазҰУ-дың студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы болған, қоғамдық істерге белсене араласқанын айтады.

Еңбек жолы

Ол қызмет жолын Алматы экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы болып бастады. Сол кезеңде Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы қызметін атқарды.

Кейін "Отан" республикалық саяси партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, сондай-ақ "Жас Отан" Жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасары болды. 2007–2008 жылдары мектепте ұстаз болды, Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 көпсалалы гимназияда тарих және құқық пәнінен сабақ берді. Одан кейін жоғары оқу орындарында түрлі қызмет атқарған.

2010-2011 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректорының орынбасары болды әрі жастар әкімшілігін басқарды. 2011 жылы Халықаралық бизнес академиясында студенттермен жұмыс жөніндегі декан қызметін атқарды. 2011–2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бас ғылыми хатшысы болды.

2012–2014 жылдары "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ-да білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері, кейін осы департамент директорының орынбасары болды. Одан соң даму департаментінің директоры, ал 2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ директоры қызметін атқарды.

2021 жылдан бастап депутаттық қызметі басталды. Сондай-ақ президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына кіреді. Әрі "AMANAT" партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары және партияның әйелдер қанатының тең төрағасы қызметін атқарады.


"Алматыға оқуға түскен ауылдағы үшінші адаммын": Жұлдыз Сүлейменова алғаш рет балалық шағынан сыр шертті


Жұлдыз Сүлейменова несімен есте қалды?

Сүлейменова "Қоғамдық бақылау туралы" заңның жобасын әзірлеу және талқылау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік еткен. Бұл заң мемлекеттік органдардың жұмысындағы ашықтықты арттыруға және азаматтық қоғамның басқару шешімдерін қабылдау үдерісін күшейтуге бағытталған

Депутат ретінде басты қызметі – әйелдердің құқықтарын қорғау туралы заңның авторы болғаны. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды талап етті. Сонымен қатар ауылдағы әйелдердің білімін арттыру мәселелері бойынша аймақты аралаған.

Ол Роза Әшірбаеваға берген сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылықты көтерген сәтін еске алды..

"Үкіметке кеткен заңымызға қорытынды жоқ" деп қатты айттым. Ешкім қазақтың қызын ұруға, ұрып өлтіруге қақысы жоқ" деп пайымымды жаздым. Сол депутаттық сауалды оқыған кезде залда сондай тыныштық орнады. Жазылғаннан ауыр депутаттық сауал болды. Ол тағдыр ғой. Дегенмен бір қазақ қызының тағдыры емес, бүкіл қасіретті қазақ қыздарының тағдыры. Оны айту қандай қиын болса, тыңдау да сондай қиын болды. 8 депутат қосылмады, 90 депутат қолдады. Содан бастап заңға байланысты "сең" қозғалды. Сөйтіп, қаңтар айында Мәжіліске заң жобасы болып жұмысқа қабылданды", – деді ол.

Ал білім беру саласында “Болашақ” бағдарламасы арқылы оқып келгендердің жұмысқа орналасуы мәселесін, ал мектеп жасындағы балалар арасындағы суицид туралы мәселені мінберде көтеріп келді. 

Еске салсақ, Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі қызметінен босатылғаны айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 11:17
Талқылау