Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адам өлтірген қазақстандық әйел: Оны түсімде көремін, мұнымен өмір сүрген қорқынышты

7 жылдан бері түрмеде отырған әйел істеген қылмысы үшін өкінеді. Ол әлі күнге дейін өзі өлтірген әйелді түсінде көреді. Сотталғанның басына ғана түсетін тауқымет жайлы әйел "Отырар" арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Абақтыда отырған әйел жүзін көрсетпеуді, атын атамауды өтінген. Жасаған қылмысы үшін әлі күнге дейін жаны ауырып, ұялады екен. 

Әминә (есімі өзгертілген) балалар үйінде тәрбиеленген. Одан түлеп ұшқаннан кейін, нашар ортаға тап болып, ұрлық үшін түрмеге түскен. Біраз уақыттан соң, тағы ұрлық жасап, темір торға қайта оралған. 

"Қиын кезең болды. Балалар үйінен кейін не істерімді білмедім. Нашар ортаға тап болдым. Темекі шеге бастадым, содан бәрі басталды. Ол кезде жастарды аса қадағаламайтын. 

Ешкімді кінәламаймын, бірақ солай болды. Алғаш рет 2006 жылы ұрлық үшін отырдым. Дүкенді тонадық. Отырып шыққан соң, тағы ұсталдым. Меніңше, ол кезде түзеу жүйесі сапалы жұмыс істемеді. Біз тіпті апробацияда тұрған жоқпыз, өзімізді қайта тәрбиелеуге ешкім мүмкіндік бермеді. 



Ал қазір бәрі басқаша. Бізбен жұмыс істейді. Қандай мүмкіндіктерім бар екенін өзім де білмедім, ал мұнда көптеген таланттарым ашылды", – дейді әйел. 

Алайда ұрлық жасау қабілеті жақсылыққа апармады. Соңғы соттан кейін әйел тұрмысқа шығуға бел буған. Алайда онысы да сәтті болмаған. Жұбайы тағы да сотталуына себеп болған. Бұл жолы екеуі адам өмірін қатігездікпен қиған. 

Сотталушы сұхбат кезінде бірнеше рет кідіріп қалды. Арада 7 жыл өтсе де, адам өлтірген күнін қорқынышпен еске алады. 

Қылмыс жасаған түні ол күйеуімен бірге қонаққа барып, ішімдік ішкен. Екеуі үйдің иесімен ұрыса бастаған. Қаза болған әйел мәдениетті болуды сұрағанымен, қонақтар тыңдамаған. Әрі қарайғы оқиғаны әйел жылап еске алады. 

"Мен мас едім, күйеуім оны өлтірді, бұған мен де қатыстымын. Біз өлтірген әйелдің ешқандай кінәсі жоқ еді. Мен де кінәлімін, бәрін түсінемін. Біреудің өмірін қия салдық. Әлі күнге дейін нашар сезінемін. Ең жаманы, түрмеде отыру емес, осындай ауыр жүкпен өмір сүру.  Мен оны әр түн сайын көремін. Күні бойы жұмыс істеп, ойымды басқа жаққа бөлемін. Түнде қайта басталады, шыдай алар емеспін. Болған оқиғадан кейін РОВД-ға барып, бәрін мойындадым. Сотта әйелдің туыстарынан кешірім сұрадым. 

Бірақ кім кешірсін? Қалай кешірсін? Бұл деген сұмдық. 16 жылға сотталдым, 7 жылы артта қалды. Бұл қылмысты түрмеде отырып жоя алмайсың. Құдай ешкімнің басына салмасын", – дейді сотталушы. 

167/4 әйелдерге арналған қатаң түзеу мекемесі — Қазақстанда жалғыз. Мұнда түрлі қылмыс жасап, ұзақ жылға сотталғандар отырады. Сотталушылардың күн тәртібі секундына дейін жазулы, түрлі іспен айналысады.

Оларды біріктіретін ортақ дүние – барлығы да бостандыққа шығып, қолдан келсе, жаңа өмір бастағысы келеді. 

Назгүл Әбушәріпқызы
Жұма, 24 Қыркүйек, 2021 12:57
Талқылау