
Әлеуметтік желіде жантүршігерлік видео тарады. Видеодан қан-жоса болған бөлмені, аударылған жиһаздар мен шашылған заттар көруге болады. Желі қолданушылары пәтерде адам өлімі болды деп жорыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді. Тәртіп сақшылары Zakon.kz порталына берген жауабында ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы ақпаратты жоққа шығарды.
“Оқиға Алматы қаласының Бостандық ауданының бір пәтерінде болған. Пәтерде апа-сіңлі ішімдік ішкен. Олардың біреуі абайсызда сынған шыны бөтелкемен аяғын жарақаттап алған. Алған жарақаттың салдарынан пәтер қанға боялған”, — делінген жауапта.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, болашақта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Алматы полициясы азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.