Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Абзал "ешнәрсе айтпаңдар, бұл біздің "тема" деді": Шерзат сотында тағы екі куәгер жауап берді

Фото: Stan.kz / Юлдаш Розыбакиев пен Арлан Қазыкенов

Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сотта үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев жауап берді. Айыпталушы Абзал Шынасыл көлікте "ештеңе айтпаңдар" деп ескерту жасаған. Тағы төртінші куәгер Арлан Қазыкенов, Нұрқияс пен Абзал мас күйде болғанын айтты. Сот отырысында Арлан Нұрқияс "бұл жағдай біздің тема" деп айтып, олардың төбелеске қатысы бар екенін түсінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотта үшінші болып куәгерлік еткен Юлдаш Розыбакиев сотталушылардың ішінен тек Абзал мен Нұрқиясты танитынын айтты. Куәгердің айтуынша, оқиға болған күні достарымен бірге әкімдік алдында тұрған, кейін төбелес жайлы хабар алып, үш көлікпен оқиға орнына барған. Ол жерде екі адамның жерде жатқанын көрген.

"Біз сол күні достарымызбен Талғардағы әкімдіктің алдында тұрғанбыз. Кейін Қазыкенов Арланға (куәгердің досы) хабарласып, әңгімелесіп тұрдық. Артынша Данияр есімді досымның анасы хабарласты. Анасы Талғарда төбелес болып жатқанын айтып, біздің қайда жүргенімізді сұрады. Орталықта тұрғанымызды айттық. Оқиға болған жерге үш көлікпен бардық. Біз келгенде екі адам жерде жатты. Көршілері мен 20 шақты адам жүрді. Екі адам арқасымен жатты. Екеуі тірі болған. Артынан Sonata көлігі келіп, сол екі адамды алып кетті. Сол жерде әйел адам қызғылт түсті баскиім мен жасыл түсті гильзяны (оқ-дәрі бөлшегі, негізінен атыс қаруынан атылған оқтың металл қаптамасы) алып кетті. Олар көлікке отырып, кетіп қалды. Кейіннен полиция мен жедел жәрдем келді. Көршілерінің айтуынша, оқиға орнында Mercedes көлігі тұрған", – деді куәгер Юлдаш Розыбакиев.

Артынша куәгердің досы Арлан сотталушы Нұрқиясқа хабарласуды ұсынған. 

"Арланның көлігіне отырып, ауылға қарай кетіп, Нұрқиясты алып кету керегін айтты. Келіп едік 6-7 адам жүрді. Ол жерде Golf және қара түсті Mercedes көлігі болды. Келіп амандаса бастадық. Қараңғы болды, Нұрқияс көлікте күтіңдер деді. Бес минуттан кейін бізге келіп “кеттік” деді. Біздің көлікке Абзал Шынасылов пен бейтаныс қыз отырды. Төмен қарай кеттік. Mercedes көлігі біздің артымыздан келе жатып, бір кезде жоқ болып кетті. Сосын Нұрқияс “бұрылып, Mercedesтің ізіне түс” деді. Абзал, Нұрқияс пен бейтаныс қыз көліктен шығып кетіп, Равиль (сотталушылардың бірі) мен тағы бір бейтаныс біздің көлігімізге отырды. Біз төмен қарай түстік, Mercedesтің артынан келдік, сол жерде полицейлер жүрді", – деді үшінші куәгер. 

Куәгер көлікте сотталушылар отырған кезде әңгімелерін тыңдамағанын айтты. 

"Сотталушылардың іске қатысы барын білмедім. Көлікте отырған кезімізде Шынасыл Абзал “ешнәрсе айтпаңдар” деді", – деді Розыбакиев.

Тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов те сотта жауап берді. Оның сөзінше, Нұрқиясқа хабарласқан соң, оны ауылдан алып кеткен. Олар "Тенгиз" дүкені маңында Mercedes пен Golf көліктерін көрген. Куәгерлердің сөзінен Абзал мен Нұрқиястың мас болғаны да белгілі болды.

"Достарымызбен әкімдік алдында тұрдық. Біреуіміздің анасы хабарласып, төбелес болып жатқанын айтты. 7-8 бала болып “Қамажай” дүкеніне қарай бардық. Келгенде екі адам жерде қимылдап, қиналып жатты. Көліктен түскенімізде бір әйел адам жердегі гильзаны алып, ал Қаржаубай (Шерзаттың әкесі) баланы алып, көлікке салып, алып кетті. Біз көршілермен сөйлесіп тұрдық. Кейін Нұрқиясқа хабарластым. Ол ештеңе білмейтінін айтты. “Мен ауылда жүрмін, мені де алып кетсей” деді Нұрқияс. Кейін Нұрқияс хабарласып, қайда екенімді сұрады, мен көлігімді жолда басқа көлік жауып қалғанын айттым. Одан кейін досым Юлдаш Розыбакиевпен Рысқұлов ауылына бардық. Шамамен төбелес болғанын білдік. Бірақ кім, қалай ұрғанын білмедік. Ауылға барып, Нұрқиясқа хабарласқанымда, ол “Тенгиз” дүкенінің қасында екенін айтты. Біз сол жерге келгенде нөмірін алып тастаған Mercedes пен Golf көлігі тұрды. Артынша Нұрқияс “бізді жаңа тас жол жанында қалдырып кет” деді. Көлігіме Нұрқияс, Абзал мен бір қыз отырды. Қай қыз екені есімде жоқ. Mercedes пен Golf артта қалып қалды. Кішкене күтіп тұрдық", – деді куәгер. 

Артынша Нұрқияс Равильді (сотталушылар) сабырға шақырып, Арланның көлігіне отырғызған. 

"Кейін Mercedesтің ізіне түстік. Артынша бір Нива келді. Бәріміз бір жерге тоқтадық. Сол жерде полиция қызметкерлері бізді ұстап алды", – деді Арлан Қазыкенов. 

Арлан Қазыкенов жауап алу барысында сотталушылар көлікте не туралы сөйлескенін тыңдамағанын айтты. Сонымен қатар сотта мемлекеттік айыптаушы куәгер Арланның тергеу кезіндегі жауабын оқып берді. 

"Нұрқияс бір сөзінде "бұл жағдай біздің тема" деп айтты, сол кезде олардың төбелеске қатысы барын түсіндім деп айттым” дегенсіз", – деді прокурор куәгерге. 

Төртінші куәгер Арланның сөзінше, сотталушы Абзал мен Нұрқияс мас күйде болған. 


Шерзат Полат ісі бойынша куәгер қыздардың бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін


Шерзат Полаттың өліміне қатысты куәгер мылтықтың қайдан пайда болғанын айтты


Еске салайық, бұған дейін Шерзаттың ісі бойынша бірінші куәгерлік еткен Эльмира Нұрбекованы сотта берген куәлігін өзгерткені үшін прокурор мен судья оны сынады. Нұрбекова тергеу кезінде пышақпен соққы жасағанын көргенін айтса да, сотта пышақтың барын еске түсіре алмады. Сондай-ақ ол тергеу барысында екі тілде жауап бергенін және кейбір сұрақтарға жауап бермегенін мәлімдеді. Прокурор оның тергеу мен соттағы жауаптары арасындағы қайшылықтарды атап өтіп, жедел жәрдем шақырмауын да сұрады.

Ал екінші куәгер Дана Жақсыкелді сотта куәлік берді. Ол оқиға болған түнде Равиль мен Эльмирамен бірге "Эйфория" кафесіне барғанын, кейін Mercedes көлігіне отырып, Қамажай дүкеніне барғанын айтты. Дүкеннен шыққан соң төбелес басталып, атыс та болды. Дана мылтықтың даусын естігенде қорқып, көлікте отырған. Кейін олар “777” дүкеніне барып, Абзал энергетикалық сусын ішіп, пышақтың жүзін жуғанын байқады. Қорыққандықтан Дана жедел жәрдем мен полицияға хабарласпаған. Шынасыл пышақты саусақ іздерін жою үшін жуғанын мойындады.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 18:14
Талқылау