Абылайхан Жүсіпов Фарух Тоқтасыновты жеңіп, төрт дүркін Қазақстан чемпионы атанды
Фото:Kazakhstan Boxing Federation
Семейде Қазақстан чемпионатының финалдық бәсекелері өтіп жатыр. 70 келінің ақтық бәсекесінде Қарағандылық Абылайхан Жүсіповпен алматылық Фарух Тоқтасыновпен өзара мықтыны анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, Фарух Тоқтасынов “Странджа” және 2024 жылы Әбдәлиев турнирінің жеңімпазы. Тартысқа толы додада Абылайхан Жүсіпов, Фарухты 5:0 есебімен жеңді. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Абылайхан Жүсіпов белсенді қимылдап, қарсыласын қысымға алды. Фарух Тоқтасынов алғашқы секундтарда бірнеше дәл соққымен жауап қайтарғанымен, көп ұзамай қарқынын төмендетіп алды. Нәтижесінде қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды.
Екінші раундта Тоқтасынов жиі клинчке жүгініп, Абылайханның қарқынын бәсеңдетуге тырысты. Алайда тәжірибелі Абылайхан мұндай тәсілдерге жол бермей, әр раундта түрлі шабуылдармен басымдық танытты. Үшінші раундта Жүсіпов тактикалық артықшылығын тиімді пайдаланып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Осылайша Абылайхан төрт дүркін Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.
Естеріңізге салсақ, Фарух Тоқтасынов жартылай финалда Париж Олимпиадысының қатысушысы Мұхамедсабыр Базарбайұлын жарыс жолынан шығарған еді. Енді 70 келіде бәсекелестік тіпті қыза түсетіні анық. Себебі бұл салмақта әлем чемпионы Төрехан Сабырхан бар.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
