Әбдірайымов стильдерін өзгертпесе, 91 тобын ұрып-соғатын намысты жігіттердің табылатынын ескертті
Қоғамда дау тудырып, тыңдармандарды екіге бөлген Ninety one тобына «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов тағы да наразылығын білдірді, анығында «достық» кеңесін берді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бұған дейін “Ninety one” тобының жігіттерін “Отряд самоубиц” фильміндегі Харли Квинге теңеген Әбдірайымов бұл жолы ашық шабуылға көшті. Әншілікпен қатар бокспен де айналысатын ол сырт келбеттерін өзгертпесе, 91 тобын ұрып-соғатын намысты жігіттердің табылатынын ескертті.
«Ерболат және 91 тобы! “Есің барда еліңді тап” – деген мақалды еске түсірейін. Өнерлеріңе қарсы емеспін. Түрлеріңді өзгертіңдер! Қазақта намысы жоғары жігіттер баршылық. Бояйтын шаш, тағатын құлақ таппай қалып жүрмеңдер! Достық кеңесім!» – деп жазды ол желідегі парақшасында.
«Дұрыс айтасың, Бағлан! «Ел болам десең бесігіңді түзе». Көнбесе күшпен көндіру керек», «Бағлан бауырым, толық қолдаймын», «Осыларды көрсем жүрегім айниды», «Намысы жоқ жігіттер екен, қандай сөздер айтылып жатыр», «Ол жігіттердің өнеріне, даусына ешкімнің таласы жоқ, стильдерін ауыстырса болды ғой», «Айтқан әндері жақсы, сахнаны жандырып жібереді. Бірақ түрлері өте жаман. Сахнаның стилі болса да, ер жігітке тән емес», «Расымен де ұят қой мынау», – дейді Әбдірайымовты жақтаған желі қолданушылары.
Есесіне 91 тобының жанкүйерлері де үнсіз қалмады.
«Аға, кешіріңіз, сізді сыйлаймын, бірақ бұл топқа ұрыспаңыз. Олар болмаса плагиатты тыңдаймыз ба?», “Жігіттер” тобы, оларды сынайтын сіздер емес», «Бұлай пост жазғаныңыз іш күйдіртті», «Аға болып дұрыс ақылдарыңды айтсаңдар қайда қалдыңдар», «Бояуда тұрған ештеңе жоқ», – дейді олар.
Жіберіп алмаңыз:
Сәкен Майғазиев “Ninety one” тобына қатысты пікір білдірді
Оңтүстік жастары: “Ninety one” тобына қарсымыз, Шымкентте концерт өткізуіне жол бермейміз (видео)