Абай облысындағы түрмеде жазасын өтеуші белгісіз жағдайда көз жұмды
Фото: shutterstock.com
Абай облысындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеуші жұмбақ жағдайда көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Абай облысындағы түрмеде сотталушының күмәнді жағдайда көз жұмғаны туралы ақпарат тараған еді. Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ақпаратты растап, оқиғаның 26 сәуір күні №20 мекемеде болғанын мәлімдеді. Алайда оқиғаның мән-жайын жарияланған жоқ.
Облыстық полиция департаменті сотталушының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, мекеменің жазалау изоляторына орналастырылды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды", – делінген Абай облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте сотталушылардың жақындары олардың түрмеде азапталып жатқанына шағымданған еді.