"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
33 жастағы Астана тұрғыны Арайлым Мишелованың екі бүйрегі істемейді. Дәрігерлер оған дереу бүйрегін ауыстыру керек екенін айтқан. Бірақ жолдасының, туыстарының ағзасы жарамай тұр. Арайлым трансплантация үшін Белорусь еліне баруы қажет, алайда оған қаражаты жетпей жатыр. Сол себепті науқас әйел және оның күйеуі Тимур Мишелов Қазақстан азаматтарынан көмек сұрайды.
“Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді”
Өскеменнің тумасы Арайлым Мишелова дертінің алғашқы белгілерін 2017 жылы жүкті кезінде байқаған. Жүктілігінің үш айында оның ағзасында ақуыз мөлшері көбейіп, ауруханаға түскен. Сол кезде оған гломерулонефрит деген диагноз қойылған. Яғни бүйрегінің жасушасы сола бастаған.
“Нәжісіме эритроциттер, тромбоциттер, ақуыз бен қан кетті. Себебі бүйрегім кіші дәретті сүзгілей алмай, ағзаға керек бүкіл дәрумен мен минералдар кетіп қалды. Сол кезде дәрігерлер құрсағымдағы баланы алдыртуым керек екенін, әйтпесе не бала, не мен өліп кетуім мүмкін екенін жеткізді. Бірақ ішімдегі балаға 4 ай болып қалған еді. Екіншіден, диагноз қойылған соң, қайтарға жол жоқ екенін түсіндім. Баламды дүниеге әкелгім келді. Сөйтіп қиын болса да, баламды 7 айлығында босандым. Қазір қызым 8 жаста”, – дейді Арайлым Мишелова.
Арайлым босанғаннан кейін әр екі-үш ай сайын ауруханаға жатып емделген. 2021 жылы денсаулығына байланысты отбасымен бірге Астанаға көшкен. Түрлі ем-дом алған, екі рет фетальді жасуша салдырған. Осылай, 2023 жылы ремиссияға жеткен, яғни ауруы тынышталып, жағдайы жақсарған. Бірақ былтыр мамырда Арайлымның хәлі қайтадан күрт нашарлап кеткен. Дәрігерлер бүйрегінің мүлдем істемей қалғанын айтқан.
“Былтыр ауа жетпей, тыныс ала алмай қалдым, қақыра бердім. Алғашында дәрігерлер бронх демікпесі, пневмония деп ойлады. Бірақ нәтижесінде дәрігерлер созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысы деген диазноз қойды. Төбемнен жай түскендей болды”, – дейді ол.
Қазір Арайлым – І топтағы мүгедектігі бар адам. Бүгінге дейін түрлі дәрі-дәрмек қабылдаған, бірақ денсаулығы жақсара қоймаған. Қазір ол аптасына үш рет төрт сағаттан гемодиализ алып жүр.
“Гемодиализ ағзадағы, қандағы барлық зиян затты, токсинді шығарады. Бірақ сонымен қоса пайдалы минералдар да шығып кетеді. Соның кесірінен қазір басым, сүйек буындарым ауырады, қан қысымым 270-ке дейін көтеріліп кетеді. Бұрын әкімші болып жұмыс істейтінмін. Былтырдан бері еңбекке де жарамсызбын. Қазір сізбен сөйлесіп отырып, бес минуттан соң бір жерде талып жатуым да мүмкін”, – дейді науқас.
“Туыстарымның бүйрегі жарамай тұр”
Дәрігерлер Арайлымға бүйрегін ауыстырғаннан басқа амал жоқ екенін айтқан. Бірақ Қазақстанда туыс адам ғана донор болып бүйрегін бере алады екен. Ал Арайлымның жұбайының, әкесінің, анасының және басқа да бүйрегін беруге дайын туыстарының бүйрегі сәйкес келмейді. Ал трансплантация үшін қайтыс болған адамнан алынатын донорлық ағзаға Қазақстанда кезек ұзын-сонар. Науқастың айтуына қарағанда, қазір сол кезекке ресми түрде 4500-ден астам адам тіркелген. Бірақ былтыр бүйрек трансплантациясы бойынша тек 3 адамға ота жасалған. Сол себепті олар Белорусь еліне барып, бүйрек трансплантациясын жасатқысы келеді. Бірақ оған 36 000 000 теңге керек. Қазір олар тек 3 000 000 теңгесін жинай алған.
“Белорусь елінде қайтыс болғаннан кейін донор ретінде ағзасын беретіндер көп екен. 3-4 айда бүйрек трансплантациясын жасауға болатынын естідік. Бірақ ол жаққа барып тексерілуге, ота жасатуға 36 000 000 теңге керек. Мұндай қаржы бізде жоқ. Ол жақтағы дәрігерлер “қаражаттың 50%-ын тапсаңдар, уақыт жоғалтпай келіп, тексеріле беріңдер” деді. Бірақ тексеруден кейін үш айдың ішінде ота жасатпасақ, талдау нәтижелерінің мерзімі өтіп кетеді. Сондықтан ақша жинап, бірақ барамыз деп шештік”, – дейді Арайлым.
“Әйелім мен қызым үшін көптен көмек сұраудан ұялмаймын”
Қазір Арайлымның күтушісі де, отбасыны асыраушысы да – күйеуі Тимур. Тимур такси жүргізушісі болып істейді. Ол таңнан кешке дейін кеңседе отырып істейтін, ресми жұмысқа кіре алмайтынын айтады. Себебі Арайлымның кез келген уақытта хәлі нашарлап кетуі мүмкін. Сондай кезде лезде жанына барып үлгеруі керек.
“Отау құрғанымызға 10 жыл болды. Оның осылай ауырып жатқанын көру қиын, жүрегім езіліп кетеді. Әсіресе, диализдің катетерін мойнына салғанда қатты ашуланып, күйзеліске түсетін. Оны басқа дәрімен алмастырған едік. Бірақ ол дәрі-дәрмектің айтарлықтай көмегі болмаған соң, қайта диализ алып жүр. Қазір Арайлымның күтушісі ретінде тіркелгенмін. Соған үкімет зейнетақы сияқты төлемақы төлейді. Оған қоса такси жүргізушісі болып істеймін. Қызымды мектепке апарып-әкелуім керек. Арайлымды да аптасына үш рет ауруханаға диализге апарып-әкелемін. Кейде хәлі нашарлап хабарласқанда бірден ауруханаға немесе үйге баруым керек”,- дейді Тимур.
Тимурдың айтуынша, бұрын ол біреуден көмек, ақша сұрауға ұялатын. Бірақ былтыр әйелінің жағдайы күрт нашарланған соң, шарасыз екенін айтады. Себебі бір өзіне қомақты соманы табу қиын. Сондықтан ол әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан азаматтарынан көмек сұрап жатыр. Оған көмектескендер де, керісінше алдап-соғып ақшасын алып алғандар да болған екен.
“Бірде бір адамдар Instagram арқылы жазып, әлеуметтік желіден парақша, қор ашып, ақша жинауға көмектесетінін айтты. Ақысы ретінде 260 000 теңге сұрады. Бірақ алаяқтар болып шықты. Ақшаны алып, ғайып болды. Шынымен көмектесіп жатқандар да бар. Оларға алғысым шексіз. Дегенмен бізге әлі де қаржылай қолдау керек. Қызым мен әйелім үшін көмек сұраудан ұялмаймын. Олар үшін бәрін істеуге дайынмын”, – дейді Тимур Мишелов.
Көмек көрсету үшін реквизиттер: +7 776 487 79 99 Арайлым М. (Kaspi/Halyk/БЦК/Жусан), Kaspi: 4400 4302 3690 9161, Halyk: 4003 0351 8541 0458, PayPal: [email protected]

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
