Абай облысында 4 бала қаза тапқан жол апаты: Сотта эпилепсиясы бар жүргізушіні тексеруі керек болған дәрігерден жауап алынды

Абай облысында Бестерек ауылында 6 баланы қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот жалғасуда. Жол апаты салдарынан жасы 2 мен 7 аралығындағы төрт бала қаза тапқан еді. 19 желтоқсандағы сот отырысында “эпилепсия” диагнозы бар күдікті тексеруден өтуі тиіс болған дәрігерден жауап алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылдың 19 тамызында 55 жастағы ер адам көлік тізгінінде келе жатып эпилепсия ұстамасы ұстаған, салдарынан жүргізу үйдің қоршауында бұзып кіріп, аулада ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Күдіктіге “Абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза болуына әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу” бабы бойынша айып тағылған.
19 желтоқсандағы сотта диспансерлік есепте тұрған науқастарды бақылап жүрген аудандық аурухананың дәрігерінен жауап алынды. Ол 2023 жылдан бері жұмыс істейтінін айтып, сотталушыға “эпилепсия және эпилептикалық синдром” диагнозын өзі қоймағанын жеткізді.
Дәрігер ер адамның 2013 жылдан бері диспансерлік есепте тұрғанын, алайда өзі жұмыс істеген кезеңде күдіктіінің қабылдауға келмегенін айтты.
“2024 жылы біз оны жоспарлы тексеруге шақырдық, алайда ол келмеді. Мен оны көрген жоқпын. Одан кейін де ешқандай жүгіну болған жоқ, қабылдау бөліміне де келмеді, дәрі-дәрмек алу үшін де жүгінген жоқ”, – деді дәрігер сотта.
Адвокаттың "күдіктімен өзінің жеке байланысқа шықтыңыз ба" деген сұрағына дәрігер өз міндеті тек науқастарды қабылдаумен шектелетінін түсіндірді. Оның айтуынша, науқастарды шақырып, оларды мамандарға жолдау учаскелік дәрігердің құзыретіне жатады.
Сот отырысы барысында судья күдіктінің хатын оқып берді. Хатта ер адам болған оқиғаның өзі үшін де, айналасындағылар үшін де күтпеген жағдай болғанын түсіндіруге тырысып, ешқашан қылмыстық ниеті болмағанын атап өткен.
“Мен ешқашан ешкімге қиянат жасаған емеспін. Бүкіл еңбек жолымда адал жұмыс істеуге, жолаушылардың алғысы мен батасын алуға тырыстым. Өзім қарапайым көпбалалы отбасыда өстім, біз он бала едік. Қазір жұбайыммен бірге төрт баланы тәрбиелеп отырмыз. Денсаулығыма байланысты осындай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Кенеттен ұстама болып қалуы мүмкін екенін білмедім”, – делінген күдіктінің хатында.
Сотталушы қаза тапқан балалардың ата-аналарынан кешірім сұрап, жұбайымен бірге зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
“Менің балаларды отбасыларынан айыру ниетім болған жоқ. Қаза тапқан балалардың отбасыларынан кешірім сұраймын. Жұбайым екеуміз болған жағдайға қатты өкінеміз және мүмкіндігінше бұл отбасыларға көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ денсаулығыма байланысты мәселелер бар екенін, балаларым мен немерелерім барын ескеріп, азаматтық талап-арыз бойынша өтемақы мөлшерін соттың қарауына қалдыруыңызды сұраймын”, – делінген хатта.
Сот отырысының соңында прокурор Әділжан Шарапиев айыптау актісінің жаңартылған нұсқасын сотқа ұсынды. Жаңа актіде жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кінәсін толық мойындауын, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың кәмелетке толмаған балаларға қатысты жасалуын тану сұралған.
Сондай-ақ прокурор жәбірленушілер қатарына Таншолпан Каримованың жұбайын да қосты. Жол апаты салдарынан ерлі-зайыпты үш бірдей қызынан айырылған.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатынан кейін комаға түскен қыз бір айдан соң көз жұмып, қаза тапқандар саны 4 балаға жетті.
Бұған дейінгі сот отырысында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жүргізуші сөз сөйлеген еді.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты