Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аарон Маккенна Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді

Фото: Getty Images

Орта салмақта өнер көрсететін ирландиялық боксшы Аарон Маккенна (20-0, 10 КО) қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 КО) жекпе-жекке шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

26 жастағы спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, ықтимал кездесу жайлы постер де жариялады.

"Біз – орта салмақтағы ең қауіпті екі боксшымыз. Жәнібек пен мен кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға дайынбыз. Сондықтан бұл кездесуді ұйымдастырудың уақыты келді", – деп жазды Маккенна.

Жәнібек Әлімханұлы қазіргі таңда WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын иеленіп отыр. Маккенна болса WBO рейтингінде 13-орында, IBF рейтингінде 7-орында тұр. Ирландиялық боксшы биылғы сәуір айында Лондонда өткен жекпе-жекте британдық Лиам Смитті төрешілер шешімімен жеңді. Сол айда қазақстандық чемпион француз Анауэль Нгамессингені бесінші раундта нокаутқа жіберген болатын.

Айта кетейік, Әлімханұлының командасы қазір WBC чемпионы Карлос Адамеспен келіссөздер жүргізіп жатыр. Дегенмен жекпе-жекке ресми келісім жасалған жоқ.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 22 Тамыз, 2025 18:29
Талқылау