Қазақстанда жалақыны конвертпен беруге тыйым салынады
Фото: freepik.com
Қазақстанда Еңбек министрлігі жұмыс берушілерді нақты еңбек қатынастары мен жалақыны декларациялауға міндеттеу үшін Еңбек кодексіне өзгерістер әзірлеп жатыр. Бұл “конвертпен” жалақы беру тәжірибесін жоюға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, кей жағдайларда жоғары білікті мамандар ресми құжат бойынша небәрі 85 мың теңге алады, ал қалған бөлігін жұмыс берушілер салық түсімін азайту үшін “конвертпен” қолма-қол береді.
“Олар жалақыны ресми түрде 85 мың деп көрсетеді де, қалғанын конвертпен төлейді. Бұған жол бермеу үшін біз еңбек қатынастарын декларациялау қажет екенін айтып отырмыз. Халықаралық тәжірибе де осыны көрсетеді. Мәселен, Сингапур мен Швецияда жалақыны мемлекет реттейді”, – деді министр бүгін мәжіліс отырысында.
Жақыпова атап өткендей, салалар арасында жалақы айырмашылығы үлкен. Бірдей біліктілігі бар маман бір салада 1 миллион теңгеден артық табыс тапса, басқа салада небәрі 400 немесе тіпті 220 мың теңгеге ғана қанағат етуге мәжбүр.
“Біз бүгінде әлеуметтік әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, жақын арада ортақ талқылауға отырамыз. Салалық келісімдерде еңбекақы төлеу шарттарын да қарастырамыз. Мысалы, тау-кен металлургия кешеніндегі жалақылардың айырмашылығын өздеріңіз де көре аласыздар”, – деді министр.
Заң жобасын үкімет те, президент әкімшілігі де қолдап отыр.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
