Алматыдағы мектептердің бірінде мұғалім жалған дипломмен 18 жыл бойы жұмыс істеді деп айыпталды
Фото: gosrating
Алматыдағы №116 мектепте 18 жыл бойы жұмыс істеген педагог Александра Сидельниковаға қатысты шу шықты. Мұғалім осы уақыт бойы бюджеттен тұрақты жалақы алып келген. Былтыр оқушыға буллинг жасады деп жазаға да тартылған. Кейін прокуратура оның академияда тіркелмегенін, дипломы жалған екенін анықтады. Ата-аналар енді “халықтың ақшасынан төленген жалақыны қашан қайтарады?" деп шағымданды. Stan.kz осы мәселенің анық-қанығын білім басқармасынан сұрап білді.
Алматылық оқырмандардың айтуынша, Сидельникова мектепте мұғалім ретінде емес, "Санрайс" би үйірмесінің жетекшісі болып істеген. Яғни балалардың негізгі оқу процесіне қатысы болмаған. Бірақ қызығы, ол 2010 жылдан бері әр бес жыл сайын мұғалімдердің аттестациясынан өтіп отырған. Бұл жерде заңды сауал туындайды: жалған дипломмен аттестациядан өткізіп отырған кімдер?
Кейін желі қолданушысы 7 жасар қызға буллинг жасалғаны туралы айыптап, Сидельникованың жоғары білім туралы дипломы жоқ екенін еске салады. Сонымен қатар Жүргенев атындағы академия ресми түрде жауап беріп, мұндай диплом тіркелмегенін хабарлаған. Осы ретте пікір иелері "Жалған дипломды кім берді? Мұндай құжаттар қайдан тарайды? Мемлекеттік мектепке оны кім орналастырды?" деген сауалдар қойды.
Білім басқармасының былтырғы 24 желтоқсандағы жауабында оқушы Н.Айлиннің құқығы бұзылғаны расталып, мектеп директоры Зухра Мейрханова тәртіптік жазаға тартылғаны көрсетілген. Ал директор өз кезегінде үйірме жетекшісіне ескерту жасаған.
Фото: Алматы білім басқармасының 2024 жылғы жауабы
Сонымен қатар сол кездегі білім басқармасының мәліметінде заңнамаға сәйкес, 37-1-бапта (Жеке педагогикалық қызмет) табыс алумен байланысты жеке педагогикалық қызмет кәсіпкерлік қызмет болып саналатыны көрсетілген айтылған.
"Жеке педагогикалық қызметпен айналысатын тұлғаны мемлекеттік тіркеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Осыған байланысты педагогтарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Мектеп үй-жайын жалға беру шартын ұзарту немесе тоқтату, сондай-ақ педагогтармен еңбек қатынастарын реттеу мәселелері мектеп директорының құзыретіне жатады", – деп білім басқармасы пікір білдірген.
Білім басқармасының былтырғы жауабында оның Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "Хореография" мамандығы бойынша диплом алғаны, біліктілігі бар педагог-хореограф екені айтылады. Осыған байланысты сауалда қарама-қайшылық болғандықтан, басқармаға сұраныс жіберіп көрдік.
Ал биылғы 9 қыркүйекте берген жауаптарында дипломның түпнұсқалығына қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті. Десе де білім басқармасы оның жеке кәсіпкер ретінде №116 мектептің шағын спорт залын ресми жалдау шарты негізінде пайдаланғанын растады.
"Александра Павловна Сидельникова 2007 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2025 жылғы 13 қаңтарға дейін қосымша білім беру педагогы болып жұмыс істеген. Қазір мектеп әкімшілігі жеке кәсіпкермен жасалған жалдау шартын бұзған. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді", – деп жауап берді Алматы білім басқармасы.

Астаналық әйел тірі ұлын "өлтіріп", 100-ге жуық әріптесінен ақша жинаған
