"7 млн ақша салдық": Атырау облысында кооперативке ақша салған салымшылар екі жылдан бері баспанасын ала алмаған
Атырау облысында үй аламыз деп құрылыс кооперативтеріне ақша салып, ақыры баспанасыз қалған салымшылар бүгін бейбіт митингке шықты. Азаматтар екі жыл бұрын "Жібек жолы" тұрғын үй кооперативіне құйған үш миллиард теңге қаржыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.
Салымшы Бақтыгүл Жұмағалиева, сюжеттен кадр
Ал, биыл наурыз айында тапсырылуы тиіс үй құрылысын компания басшылығы аяқсыз қалдырған екен. Осы шудан кейін қамауға алынған кооператив иесін жақында судья "үйқамаққа" шығарған. Ал, ашынған жұрт соттың шешіміне түбегейлі қарсы.
Бұл, "Жібек жолы" тұрғын үй кооперативі құрылтайшыларына берген ақшаларын екі жылдан бері қайтара алмай жүрген жандар. Сондықтан "алаяқтар сотталсын" деп айқайға басқан салымшылар бүгін облыстық сот алдына жиналды. Айтуларынша құрылтайшылар азаматтардан бір жылда үй салып береміз деп үш миллиард теңге қаржы алған. Сөйтіп, баспаналы болатын күнді күтіп жүргенде, жауапты компания құрылысты аяқсыз қалдырды дейді.
Бірден тұрғындар шағым түсіріп, тергеу басталады. Артынша қамауға алынған кооператив иесін жақында судья "үйқамаққа" шығарған. Бірақ, салымшылар соттың бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы.
“Соттың шешімімен келіспейміз, ақшамызды қайтарсын. Бұл деген масқара ғой, біз жылдар бойы бар тапқанымыздың бәрін осы үйге деп салдық қой. Енді, қара суықта үйсіз, ақшасыз қалдық. Қайтарсын ақшамызды. Әйтпесе баратын жерлерге барамыз. Қарап қалмаймыз. Әділдік керек”, –дейді салымшы Бақтыгүл Жұмағалиева.
“Кейбір адамдар осы үйді аламыз деп үйлерін сатып, балаларының болашағын ойлап, тапқан-таянғандарын бәрін жинағандардың өзі қаңғып жүр. Арасында көпбалалы отбасылар бар, үлкен кісілер, зейнеткерлер бәрі. Қарапайым халыққа қолдау жасауларын сұраймыз. 7 млн ақша салдық. Бізден де көп салғандар бар”, – дейді тағы бір салымшы Айгүл Құспанова.
“2020 жылы мен бес миллион ақшамды салдым. Енді сол ақшамды қайтарсын. Менің талабым кінәлілер тиісті жазасын алсын”, – дейді Әл-Фараби Мұқашев.
Ал, жауаптылар болса тұрғын үй құрылысының заңсыз жүргізілгенін әрі рұқсат қағаздары болмағанын айтады. Яғни, прокуратура тексерісінен кейін құрылыс тоқтаталған. Қазір істі сот қайта қарап жатыр. Бәрі соттың шешімінен кейін белгілі болады дейді шенеуніктер.
“Бәрі сот шешімінен кейін белгілі болады. Біз әзірге қолымыздан келгенше салымшыларға көмектесуге тырысамыз. Қазіргі құзырлы орган тиісті шаралар қабылдап жатыр. Құрылыстың тек 30-40 пайызы ғана аяқталған”, – дейді Мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Қабдинова.