"680 млн теңге қолма-қол ақша шығарған": Солтүстік Қазақстанда үш азамат лицензиясыз криптовалюта қабылдап, айырбастаған
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы мониторингі агенттігі департаменті лицензиясыз криптовалютаны теңгеге қабылдап, ақылы түрде айырбастаған үш азаматты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Үш азамат тиісті лицензиясыз криптовалюта қабылдап, ақшаға айырбастау операцияларын жүргізген. Олар криптовалюта биржаларынан алынған қаражатты пайдаланып, криптоәмиян арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айырбас операцияларын жүзеге асырған. Қазақстанда тыйым салынған криптобиржалар арқылы жасалған бұл операциялардың заңсыз екені анықталды.
“Заңсыз айырбас операциялары нәтижесінде схеманы ұйымдастырушылар цифрлық активтерді ұлттық валютаға айырбастаған. Жалпы айналым сомасы 681 млн теңгеден асқан. 380 адам осы үш азаматпен криптовалюта бойынша транзакциялар жасаған. Бұл банктік шоттардан алынған чектермен дәлелденді”, – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігі.
Сот үш күдіктіге қатысты шешім қабылдап, оларды 2,5 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүліктерін тәркіледі. Оның ішінде 10 млн теңге көлемінде активтер, 150 млн теңгенің жылжымайтын мүлкі, жалпы құны 213 млн теңге болатын бес көлік, 12 млн теңге тұратын квадроцикл және қымбат компьютерлік жабдықтар бар. Осылайша жалпы құны шамамен 400 млн теңге болатын мүлік тәркіленді.
Қаржы мониторингі агенттігі "Цифрлық активтер туралы" заңына сәйкес, елдегі цифрлық активтердің айналымына қатысты кез келген қызмет үшін лицензия қажет екенін еске салады.
Бұған дейін Трамп пен оның әйелі өздерінің криптовалютасын шығарғаны туралы жазған едік.