Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

13,5 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған: Электронды қаржы орталығына жүргізілген аудит аяқталды

566 миллион теңге қаржылық бұзушылық анықталды: Электронды қаржы орталығына жүргізілген аудит аяқталды  Фото: Stan.kz

Жоғары аудиторлық палата “Электрондық қаржы орталығы” АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады. Аудиторлар Қаржы министрлігіне қарасты “Электрондық қаржы орталығынан” 566 миллион теңге көлемінде заңбұзушылықтар анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тексеру барысында мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту және қолдау жұмыстары бағаланды. Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында назар аударуды және оларды жою бойынша шаралар қабылдауды талап ететін бірқатар кемшіліктер мен мәселелер анықталды.

Ведомство мәлімдегендей, стратегиялық басқаруда олқылықтар бар:

  • 2023–2024 жылдардағы даму жоспарларының орындалуы туралы есеп жоқ;
  • Жекелеген көрсеткіштер орындалмаған;
  • Ішкі аудит қызметінің іс-шаралары толық орындалмайды не мерзімдері сақталмайды.

“Бюджет процесінің интеграторы ретінде ЭҚО жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланады, алайда ұйымның ішкі нормативтік құжаттары жаңартылмаған. Бұл жүргізілетін жұмыстың тиімділігін шектеуі мүмкін. Қызметтер құнын есептеуде ЭҚО әртүрлі тәсілдерді қолданады. Аудиторлардың пікірінше, қате баға белгілеу тәуекелдерін азайту үшін баға сараптамасын жүргізу және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бөлек есепке алуды қамтамасыз ету қажет”, – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.

Тексеру барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Сондай-ақ сүйемелдеудегі, сенімгерлік басқарудағы ақпараттық жүйелер, “Электрондық коммерциялық сатып алу” АЖ бойынша негізгі ақпараттық қауіпсіздік талаптары бұзылғаны анықталды. Кейбір ақпараттық жүйелер толыққанды жұмыс режимінде қолданылады, дегенмен олар ресми түрде әлі де тәжірибелік жұмыс сатысында.



Аудит барысында “Электрондық мемлекеттік сатып алу” ақпараттық жүйесіне техникалық өзгерістер енгізудің 600-ден астам жағдайы анықталды. Мысалы, тәжірибе мен рұқсат құжаттарын тексеруді өшіретін өзгерістер енгізілген. ЭҚО-ның осы бағыттағы тәсілдері бақылауды жетілдіруді және күшейтуді талап етеді. Ақпараттық жүйелердің сапалы және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін Қаржы министрлігі ЭҚО қызметіне көбірек көңіл бөлуі қажет.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 566 миллион теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. 
  • 13,5 миллиард теңге қаражат тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған.

Жоғары аудиторлық палата анықталған мәселелер бойынша қажетті ұсынымдар мен тапсырмалар берді. Олардың орындалуы бақылауда болады.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 11:29