"500-дей шприц жатыр": Шымкентте тұрғындар нашақорлар мен есірткі тасымалдаушылардың көбейгеніне наразы
Шымкенттегі Нұрсәт ықшамауданының тұрғындары көпқабатты үйдің артындағы қазылған шұңқырдың орнына саябақ салып беруді сұрайды. Айтуларынша құрылыс нысанының орны бірнеше жылдан бері бос тұр. Ал ол жерге жиналған су тұрғын үйге кіретін көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Otyrar.kz
Шымкенттегі тұрғындардың сөзінше, Нұрсәт ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің артын есірткіге тәуелді адамдар мекен етіп алған. Үйсіздер мен есірткі іздеп келетін жастардан қорқамыз, құзырлы органдар бір шара қолданса екен дейді тұрғындар. Балаларымыз ойнап, бір қатерге ұрынып қала ма деп қорыққан тұрғындар, осы уақытқа дейін үй артына жиналатындармен күресіп, олардан қалған зиян қалдықтарды тазалаудан шаршағанын айтады.
"Өткенде осы жерді тазаладық, бұл жерде 500-дей шприц жатқан. Мына жатқанның бәрі жаңадан келген шприцтер. Нашақорлардың ұясы – осы жер. Өзіміз жинап жүрміз. 3 жылдай болды", – дейді тұрғын.
Болат Қасымбеков Нұрсәтте 15 жылдан бері тұрады. Сөзінше, үй артындағы қазылған шұңқыр бірнеше жылдан бері тұр. Құрылыс жүрмеген соң, орнын балалар ойын алаңы етіп алған. Көпқабатты үй тұрғындары егер ешқандай нысан бой көтермесе, онда жергілікті халық үшін шағын саябақ салып берсе екен деген тілегін білдірді.
"Қазылып жатыр, бұған жиналған су қайда барады? Біздің үйіміздің астына барып жатыр. Осылай тұрғанына 4 жыл болды. Әкімдікке жазғанбыз, ешқандай әрекет болған жоқ. Топырақтан жазда үйге шаң кіреді. Балалар ойнайды мұның үстіне шығып, құлағандары да бар, жиналған суға түседі пенопластқа мініп қайық қылып", – дейді Болат Қасымбеков.
Тұрғындар айтқан проблемадан жауаптылар хабардар болып шықты. Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, қазылған шұңқыр жекенің жерінде, оған қоршалмауына байланысты ескерту берілген.
"Үйдің артында бір кісілер ішімдік ішеді екен, шприцтар жатыр, көрдік. Оның бәрін тазалап, жұмыс жүргізіп, құзырлы органға хат жолдадық. Ол жерде күнделікті рейд ұйымдастырылып, тыныштық сақтау мақсатында жұмыс атқарылады. Қазіргі тазалығын ретке келтіріп қойдық. Бізге демалатын орын салып бер деп жатыр, бірақ ол жекеменшік жер. Оған котлован қазылған, құрылысы басталуы керек еді. Осыған қатысты кәсіпкерге жағдайды түсіндірдік. Құрылыс басталмас бұрын ол жерді қоршау керек. Оның үстіне бірнеше жыл тұрып қалған обьект, түсіндірдік", – деп атап өтті Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Қалдықараев.
Бұған дейін тұрғындар көтерген қаңғыбас ит-мысық мәселесі шешілгенімен, қоқыс тастайтын орынның айналасын қоршау проблемасының түйіні қазірше тарқамай тұр. Жауаптылар бұған қаржы қаралмағанын, дегенмен тұрғындар өтініші ескеріліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігі есірткі қолданатын қазақстандықтар туралы мәліметтерді баяндады. Мәлімдеулерінше, бақылауда 108 722 адам бар.
"Нашақорлардың 91%-ы (16 817) ерлер, 9%-ы (1 512) әйелдер. 2 734 (15 пайызы) адам 18 бен 29 жас аралығында. Ал 66-сы – балалар мен жасөспірімдер. Ресми статистика елдегі нашақорлардың нақты санын көрсетпейді, өйткені көп нашақор өз жағдайын жасырады", – деді Анжела Бексұлтанова.