Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"50 мың тұрғын су ішіп отырған өзен ластанады": Алматы облысының тұрғындары алтын кенішінің ашылуына қарсы

Алматы облысында алты ауылдың тұрғындары биліктен өткен ғасырда жабылған кенішті қайта ашпақ болған кәсіпкерлерді тоқтатуды сұрады. Олардың айтуынша, кеншілердің жұмысы экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының ауыл тұрғындары Шынасыл-Сай кенішінің ашылуына қарсы. Тұрғындардың айтуынша, жұмыс қайта жанданатын болса, 50 мың тұрғынды сумен қамтитын өзен ластанады. 

Block One компаниясы пайдалы қазбаларды барлауға лицензиясы бар және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты. Алайда тұрғындар кен орнына кіруге кедергі жасап отыр дейді. 

Block One компаниясының мәліметінше, 26 қыркүйекте Талап ауылдық округінің әкімі мен тұрғындар техниканың жолын жауып тастаған.

"Әкімнің заңды немесе жеке тұлғалардың мемлекет алдындағы міндеттерін орындауына кедергі келтіруге құқықтары мен негіздері жоқ. Компанияның жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге толық құқығы бар. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушы өзінің лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес мемлекет алдында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге міндетті", - делінген компания хабарламасында. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар мен компания өкілдері арасындағы кикілжіңнің алдын алуға ауылдық округ басшысы қатысқан. Ал Жамбыл ауданының әкімдігі бұл мәселе бойынша құзырлы органдарға шағым жолдағандықтан, кәсіпкерлер әзірге жер қазу жұмыстарын жүргізбейтінін хабарлады.

Талқылау