Мәулен Әшімбаев: АЭС – таза және тұрақты энергия көзі
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Жетісу облысына келіп, өңір жұртшылығымен алдағы референдумға қатысты өзекті мәселелерді және энергетика саласын дамыту перспективаларын талқылады. Сапар барысында депутаттар сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен бірге облыстағы өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ, белсенді жастармен кездесті.
"Бүгінде халықтың тұтыну қажеттілігін өтеп отырған көмір электр стансаларының жағдайы сын көтермейді, басым бөлігі әбден тозған. Қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы орын алып, сенімді және таза қуат көздерінің қажеттілігі артып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында осы түйткілге ерекше тоқталды. Шын мәнінде, бұл ретте атом энергиясының әлеуеті зор. Қазір ол бүкіл әлемде белсенді қолданылып келеді. АЭС-тің көмір стансаларынан айтарлықтай айырмашылығы бар. Ол ауаны және қоршаған ортаны көмірқышқыл газдарымен, күлмен немесе құрамында мұнай өнімдері бар зиянды қалдықтармен ластамайды. Бұл – табиғатқа зиян келтірмей-ақ экономикамыздың қарқынды дамуына ықпал ететін таза және тұрақты энергия көзі", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Штаб мүшелері ақпараттық жұмыс аясында "Айсұлу" тігін фабрикасының және "Темірбетон" кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Іс-шаралар кезінде еңбек ұжымдары өз пікірлерін білдіріп, елімізде АЭС салуды қолдайтындарын жеткізді.
Өңір жұртшылығымен және белсенді жастармен кездесуде Мәулен Әшімбаев қазіргі атом электр стансалары сенімді, адам өміріне қауіпсіз, ең озық және тексерілген технологиялар негізінде салынатынын атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы АЭС-тің жұмысы мен оны пайдалану кезеңінде халықаралық сараптамалық ұйымдар тарапынан сенімді бақылауға кепілдік берілгеніне тоқталып, азаматтарды ел игілігі үшін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
"Экономиканың ұзақ мерзімді мүдделеріне және қажеттіліктердің жедел артуына байланысты АЭС салу мәселесі стратегиялық сипатта ие екенін көріп отырмыз. Сондықтан халықтың бұл мәселеге қолдау білдіруі еліміздің дамуы жолында аса маңызды. Атом электр стансасын салу кезіндегі негізгі басымдық адамдардың қауіпсіздігі екені анық. Сол себепті, қазақстандықтар қолдап дауыс берсе, АЭС ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес салынады. Жобаны іске асыру кезінде табиғи апаттар мен басқа да ықтимал сын-қатерлердің алдын алуға қажетті шаралар міндетті түрде ескеріледі. Стансаның қауіпсіз жұмысын МАГАТЭ мен басқа да халықаралық ұйымдар мұқият қадағалайды", – деді Мәулен Әшімбаев.
Халықтық штабтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Әли Ғалым
Дайындаған: "Nur Media" ЖШС.
Тапсырыс беруші: М. Ж. Оспанов
"AMANAT" партиясы" ҚБ қаражаты есебінен төленді