14 орманшы мен 51 кеншінің қазасы, Бишімбаев ісі: 2023 жыл несімен есте қалды
Бірнеше шақырым аумақты шарпыған Абай облысындағы алапат өрт, қаншама жанның өмірін қиған шахтадағы апат пен Жалпыұлттық аза тұту күндері. Бұл 2023 жылғы оқиғалардың шежіресін белгілеген ауыр кезеңдер. Осы жыл айтулы оқиғаларға, атышулы апаттарға, резонанс тудырған трагедияларға толы болды. Stan.kz тілшісі жылдың айтулы қайғылы оқиғаларына тоқталып өтті.
Фото: yujanka.kz
Семей орманындағы алапат өрттен 14 адам қаза тапты
8 маусым күні Семей орманы резерватында алапат өрт басталды. Бастапқыда өрт аумағы 20 гектарды құраған еді.
Ал 9 маусым күні Абай облысындағы орман өрті 30 мың гектар жерге жайылған. Алапат жалынды сөндіру үшін құрылған жедел штабты басқаруға министр Юрий Ильиннің өзі келген.
Осы сәтте президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарлаған ресми сапарын кейінге шегеріп, тілсіз жау орын алған жерге барды.
Сондай-ақ президент 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Өртті сөндіруге қорғаныс министрлігінің бөлімшелері тартылды.
Бір апта бойы ырық бермеген қызыл жалын 60 мың гектар қарағайлы алқапты күлге айналдырды. Алғаш болып тілсіз жауды жалаң қолмен ауыздықтауға аттанған 14 орманшы қаза тапты. Кейін Бесқарағай ауданынан өрт сөндіруге келген тракторшы да тірідей жанып кетті.
Ал 14 маусым күні Абай облысындағы орман өрті ауыздықталды.
Бас прокуратура жүргізген тергеп-тексерулердің барысында анықталғандай, өрттің шығуына қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағайдан жер жамылғысының тұтануы себеп болған.
Сондай-ақ экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі – табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі. Атап айтқанда 70 процент деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Қолданыстағы техникалардың 60 пайызы есептен шығаруға жатады, деген болатын.
Костенко шахтасындағы жарылыс: Қабырғаны қайыстырған 46 кеншінің қазасы
28 қазан күні Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды.
Апат болған кезде шахтада 252 адам болған. Оның 205-і жер бетіне шығарылып, 46 кеншінің мәйіті табылды.
Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Сондай-ақ 46 кеншінің қазасына байланысты 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп бекітті.
Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бас прокуратураның арнайы прокурорлары ішкі істер министрлігі, қаржылық мониторингтік агенттігі, төтенше жағдайлар министрлігі және агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілуде.
Жарылыс бастапқыда №48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болғаны анықталды. Өрттің “көзі” шахта кенжары конвейерінің жұмысында механикалық от шығудан болған.
Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген, себебі оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған.
Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталды. Тергеу әлі де жалғасуда.
Осы оқиғалардан кейін қазақстандық болат және тау-кен өндіруші компаниясына жаңа инвестор тағайындалды. Ол кәсіпкер, "Allur компаниялар тобы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың сөзінше, келіссөз кезінде мемлекет активтердің жалпы құнын 3,5 миллиард доллардан 286 миллион долларға дейін төмендеткен.
Сондай-ақ инвестор ауысқаннан кейін "АрселорМиттал Теміртау" өзінің тарихи атауына оралып, компанияны “Qarmet” деп атады.
Айта кетейік, осы оқиғаға дейін 17 тамыз күні "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-на тиесілі Қазақстан шахтасында өрт болып, 5 кенші қаза тапқан еді. Өрт конвейер лентасынан шыққан. Өрт кезінде беттерде 227 адам болған. Кейін 222 адам жер бетіне шығарылған.
85 мың теңгеге өмір сүре алатын вице-министр, кабинетінен ішімдік табылған әкім: 2023 жылы қай шенеунік көптің сынына ұшырады
Халық санының 20 миллионға жетуі, қызылшаның өршуі, ArcelorMittal-дың кетуі: 2023 жылдың қорытындысы
Шілде айындағы 5 жасар бүлдіршіннің қазасы
2023 жылдың шілде айында Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жасар қызды із-түссіз жоғалып кетті. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер ауыл тұрғындарының бірінің үйінен айуандықпен өлтірілген қыздың денесін тапты.
Бұл дерек қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Қызды өлтірген күдікті 2006 жылы кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды.
Кейін қылмыскер 2023 жылдың мамыр айында спирттік ішімдік ішіп отырып, ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған. Сот күдіктінің жәбірленушімен татуласқанын, оның бұрынғы соттылығының жойылғанын ескеріп, оған тек үш жыл бас бостандығын шектеу жазасын ғана тағайындағаны белгілі болды.
Күдіктіге осындай жеңіл үкім шығарған Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрғазы Шетенов кейіннен қызметінен босатылды. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
Қыркүйек айында 5 жасар қызды асқан қатыгездікпен өлтірген 48 жастағы педофилге қатысты сот үкімі шықты. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оны химиялық кастрациядан өткізу туралы шешім қабылданды. Әрі марқұмның отбасына моральдық шығын ретінде 100 млн теңге өтеуге міндеттелді.
Шілде айында Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала көз жұмды
30 шілде күні Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелген болатын. Нәтижесінде алты бала жансақтау бөліміне түсіп, бір бала көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізген эпидемилогиялық тексеру, зертханалық зерттеу нәтижелері аурудың таралу сипаты тамақтан уланудан болмағанын, сондай-ақ инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті. Бұл жағдайды дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты улану деп пайымдайды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ішек инфекциясына жүргізілген сынақ теріс нәтиже бергенін мәлімдеді. Дегенмен, тергеудің соңғы нәтижесін жұртшылық әлі алған жоқ.
Қазан айындағы Семейдегі 4 баланың қазасы
Қазан айында шығыс жақтан қаралы хабар келді. Абай облысында бір үйдің төрт баласы көміртегі тотығымен уланып, көз жұмды. Қайғылы оқиға 25 қазан күні сағат 11:00 шамасында Абай облысының Аягөз қаласында болған. Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы төрт баланың денесін тапты.
8 жасар егіз бен олардың 3 және 2 жастағы інілері көміртегі тотығымен уланып, көз жұмған.
- Арнұр Жұмағазы, 09.04.2015 ж.т., №6 мектеп интернатының 2-сынып оқушысы.
- Нұрасыл Жұмағазы, 09.04.2015 ж.т., №6 мектеп интернатының 1-сынып оқушысы.
- Батыр Бауыржанұлы, 16.03.2020 ж.т.
- Рамазан Жұмағазы 31.08.2021 ж.т..
Балалардың әкесі жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істеген және оқиға болған кезде ол жұмыста болған. Ал анасы базарға азық-түлік алуға кеткен екен.
9 қараша күні Салтанат Нүкенованың қазасы
9 қараша күні Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды.
Бишімбаевтың әйелінің денесінде пышақ жарақаттары болмаған. Оқиға кезінде экс-министрдің өзі мас болған.
Астана сот-медициналық сараптамасы өкілінің хабарлауынша, әйел басынан соққы алып, соңы өліммен аяқталған.
Қылмыс орнында пышақ болған, бірақ Бишімбаев полицейлер келген кезде онымен өзін өлтіремін деп қорқытқан.
Ал 11 қараша күні Павлодарда Салтанат Нүкенованың жерлеу рәсімі өтті.
Достарының айтуынша, жастар танысқан соң үш айдан кейін үйлену тойын жасаған. Содан кейін экс-министр әйел ұрып-соғуын бастаған.
Аталған қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстары соттың әділ өтуін талап етті. Сондай-ақ Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Алматыда өткен “Хайуандар әлеміне жоқ де!” атты зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық акциясына қатысып, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі туралы сөз қозғады.
Осы сәтте Қуандық Бишімбаевтың да жақындары үнсіз қалмады. Әкесі Уәлихан Бишімбаев тергеу құпиялығын алға тартып, ұлына қатысты іске манипуляция жасап жатқандардың барын айтты. Ол жәбірленушінің туыстары қоғамның назарын пайдалану арқылы тиісті тергеу сараптамаларынсыз ұлының ісін ауыр бапқа ауыстырып жібергенін айтады.
Осы оқиғадан кейін халық арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тағы қызу талқыға түсті. Бұған дейін жемқорлық үшін сотталған Бишімбаев тағы мерзімінен бұрын босатылып, жазадан құтылып кетеді-ау деген болжамдар да жиі айтыла бастады. Полиция адам өлтіру фактісі бойынша тергеудің басталғанын хабарласа да, халықтың көкейінде жүрген күдік сейілген жоқ.
Үш күннен кейін Гастро орталықтың директоры ұсталды. Оны қылмысты жасырғаны үшін айыптап отыр. Президент Тоқаев ішкі істер министрлігіне Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Бишімбаев аса қатігездікпен жасалған адам өлтіру бабымен жауапқа тартылып отыр.
Бишімбаев 2018 жылы атышулы шыны зауытының ісі бойынша істі болған. Сол кездегі ұлттық экономика министрі пара алғаны үшін және ақша жымқырғаны үшін 10 жылға сотталған. Алайда бір жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Қазіргі таңда Салтанат Нүкенованың өліміне кінәлі Бишімбаевтың ісі әлі де тергеліп жатыр. Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Қуандық Бишімбаевтың жары Салтанат Нүкенованы өлтіруіне байланысты іс бойынша 12 сараптама тағайындалып, оның 10-ы жүргізілгенін мәлімдеді. Ал ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев тергеу жақын арада аяқталуы тиіс екенін айтқан.
Алматыдағы хостелдегі өрт, 13 адамның қазасы
30 қараша күні Алматыда хостелде өрт болып, 13 адам қаза тапты. Таңғы сағат 05:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде үш қабатты тұрғын үйдің 1 қабаты мен жертөлесі өртенген. Жертөле хостел есебінде қолданған. Өрттің жалпы ауданы болжам бойынша - 30 шаршы метр.
Өрт кезінде хостелде 72 адам болған, 59 адам эвакуацияланған. Қаза болған 13 адамның жеке басы анықталып, олардың тоғызы Қазақстан азаматы, екеуі Ресей азаматы және екеуі Өзбекстанның азаматы екені айтылды.
Өрт фактісі бойынша Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Қылмыстық кодекстің 292-бабы "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.
Алматыдағы автобус апаты мен 3 адамның қазасы
22 желтоқсан күні Алматыда автобус жаяу жүргіншілерді қағып, нәтижесінде үш адам қаза тапқан еді. Сол күні жолаушының бірі жүргізушіні ұрып, шопыр әйелдің есінен танып қалғаны белгілі болған. Осы себепті басқарусыз қалған көлік адамдарды таптап өткен.
25 желтоқсанда адам шығыны болған жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған күдікті екі айға қамауға алынды.
Алдын ала таралған мәліметке сүйенсек, жолаушы автобус жүргізушісінің жолақысын төлеу туралы талабынан соң жанжал шығарған. Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші бірнеше жұдырықтан соң есінен танып қалған. Мұны желіде таралған видеодан да анық көруге болады.
Автобус жүргізушісі 36 жастағы әйел ми жарақатын алған, қазір нейрохирургия бөлімінде жатыр. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы жол апатынан жараланған 50 жастағы әйелдің жағдайы ауыр екенін хабарлаған. Зардап шеккен тағы екі адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде 15 жастағы жасөспірім де бар. Сондай-ақ кейбір куәгерлер ер адам жүргізушіге ақшасын дұрыс қайтармады деп шүйліккенін айтқан еді.
Жүргізуші әйелді ұрған ер адам оқиға орнынан қашып кетпек болған. “Балама баруым керек” деп кетіп қалмақ болған азаматты сол жерге жиналған өзге азаматтар ұстап қалған.
Екі айға қамауға алынған күдіктінің үстінен "Бұзақылық" және "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі не көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" баптары бойынша қылмыстық іс тіркелген. Енді күдікті жалпы алғанда 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.