Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Марғаулар азаппен өліп жатыр": Астанада 80-ге жуық адамға ауру мысық сатқан әйел қылмыстық іс қозғалса да әлі ісін жалғастырып келеді

Астанада әйел ауру мысықтар сатқан

Фото: Stan.kz коллажы

Астанада тұрғындардың ұзақ уақыт бойы ауру марғауларды сатып келген әйел туралы айтып дабыл қағуда. Айтуларынша, Аружан есімді сатушы ветеринар қарамаған, бүргесі бар мысықтарды 200 мың теңгеге дейінгі бағамен өткізіп жүрген. Ең қорқыныштысы одан алынған марғаулардың басым бөлігі бір аптаға жетпей оба ауруынан көз жұмған. Алданған 80-ге жуық адам оны сотқа бергенімен, іс түсініксіз себеппен тоқтап қалған. Зардап шеккендер әйелдің әлі күнге дейін марғау сатуды жалғастырып отырғанына шағымданды. Stan.kz тілшісі жәбірленушімен байланысып көрді. 

Зардап шеккен қазақстандық оқиғасын алдымен желіге жазған. 

“Адамдарға ескертіп қояйын! Мына қыздан марғау алғанмын. Алғашында маған мысықтың екі айлық екенін, барлық ветеринарлық қараудан өткенін және бүргесі жоқ екенін айтты. Шын мәнінде, оның жасы бір ай он күн ғана болып шықты. Ешқандай вакцина салынбаған, бірақ паспортқа 17.11 күні бүрге мен кенеге қарсы өңделді деп жалған жазылған. Үйге әкелген соң іші өтіп, тамақ жемеді, бірақ сырттай белсенді көрінді. Келесі күні оның үстінен тағы бүргелер тауып алдым. 

Кейін ветеринарға апарғанымызда одан мысықтардың оба ауруы анықталды. Марғау арумен күресті, бірақ төртінші күні жеңе алмады. Оның бұл ауруды бізден бұрын, сатылмай тұрып жұқтырғаны анық. Өйткені оларда антисанитария болмаған, ал сатушыларға жануардың денсаулығынан гөрі ақша маңызды сияқты. Осыны адамдар біліп, сол жерден мысық сатып алмауы үшін бөлісіп отырмын. Ал оларға қайта жазғанымда жауап бермей қойды”, – деп жазды ол. 

Желінің өзге де қолданушылары Аружан есімді әйелдің ұзақ жылдан бері осы іспен айналысып жүргенін айтып шағымданды.

“Құдайым-ау! Қанша жыл өтсе де бұл Аружанға заң да, прокуратура да, ІІМ де шара қолданбайды”, “Менде де дәл осындай жағдай болды. Мысығымнан айырылып қалдым. Ал ол бізбен дөрекі сөйлесті”, “Олармен бес жыл бойы күресіп келеді. Тіпті бұл мәселе БАҚ-та да жазылды. Өлген мысықтардың саны ондаған мыңға жеткен. Бұларға әлі де сенетіндер бар ма?”, – деп жазды олар.

“80 мың теңгеге сатып алып, емдеуге жарты миллион теңге жұмсадым”

Белгілі болғандай, алаяқ тек Астанамен шектелмеген. Ол мысықтар мен күшіктерді бүкіл Қазақстанға жіберіп отырған. Жәбірленушілердің бірі Алия Даутова емдеуге жарты миллион теңге жұмсағанын айтты.

"Мен оны OLX-тен таптым. Маған олар 10 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби үй жануарларын сатушы екендерін, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуі, лицензиясы бар екенін айтты. Сөйтсек, мұның бәрі өтірік болып шықты. Мысықты 80 мың теңгеге сатып алдым. Емдеуге шамамен жарты миллион жұмсадым. Қазір сотқа шағымданып жатқан 79 адам бар. Сол 79 адамның ішінде тек жетеуінің ғана, мені қоса алғанда, жануарлары тірі қалды”, – деді Астана тұрғыны Алия Даутова.

Тағы бір жәбірленуші Алина Оспанова да мысығын дер кезінде аман алып қала алғандардың бірі. Айтуынша, алаяқ әйел сатқан кезде тіпті марғаудың жасын да өтірік көрсеткен екен. 

“Мекен-жай Қосшы деп көрсетілгесін, өзіміз барып алып кетеміз деп ойлағанбыз. Бірақ сатушы тек жеткізу қызметі арқылы ғана жұмыс істейтінін айтты. Марғауды әкелгенде ол өте кішкентай болды. Тіпті тілін қозғалтын сүт ішуді үйренбеген болатын. Оған барынша сүт беріп үйреттім. Алайда екінші күн ауырып әлсірегенін байқап клиникаға апардым. Ол жақта оның ұрғашы екенін және бұған дейін мүлде екпе жасалмағанын анықтады. Антибиотик жазып беріп ем алуды бастадық. Қазір әрине мысығым аман қалды. Дегенмен мен секілді жәбірленушілердің көп екенін көріп отырмын”, – деді Алина. 

Ветеринарлар екі айдан кіші мысықтарды екпесіз сату ауыр құқықбұзушылық екенін атап өтеді. Бұл жаста олардың иммунитеті қалыптаспаған болады және олар вирусқа өте осал келеді екен.

“Мысықтың дәретінен қан шығып, тамақ ішпей әлсіреді”

Астаналық Динара да осы әйелге алданған. Айтуынша, жұбайымен балаларына тосын сый ретінде марғау алуды шешкен.

“Бұл оқиға 2024 жылы болды ақ мысық іздедік, өйткені үй жануарларын алуда тәжірибеміз жоқ еді. OLX пен Kaspi сайттарынан қарадық. Көп адамдарға хабарластық, бірақ бәрі басқа қаладан болып шықты. Оның үстіне мысықтар өтіп кетіпті. Соңында бір сатушының көптеген жарнамасын көрдік. Кейін хабарласып, марғау сұрадым. Ол маған өздерінің Қазақстандағы ең көп марғау сататын жер екендерін және олар барлық құжаттарды беретінін айтты. Тіпті ойлануға уақыт бермей, бір минуттан кейін WhatsApp арқылы мысықтардың суреттері мен видеоларын жібере бастады. Біз күмәнданбай, олар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды деп ойлап, барлық құжаттарын бірден көрсеткеніне қуанып, сатып алуға шешім қабылдадық. Сатушы қыз бағаны 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін екенін айтты. Біз ақыры марғауды 60 мың теңге алдық. Себебі сатушы бізге "бүгін ғана осы бағада жеңілдік екенін жеткізді. Біз еркек мысықты таңдап алғымыз келген. Бірақ ол курьер арқылы ветеринарлық паспорты мен мойнына лента тағып беріп жіберген”, – деді астаналық. 

Динараның айтуынша бастапқыда мысық әдемі, кішкентай сүйкімді әрі белсенді болған.

“Біз өте қуандық. Бірақ келесі күні оның дәретке бармағанын, ештеңе жемегенін, су ішпегенін байқадық. Сосын сатушы Аружанға қоңырау шалдым. Бастапқыда жауап бермеді, кейін мүлде хабарласу мүмкін болмады. Келесі күні мысықты ветеринарлық клиникаға апарып көрсеттік. Олар мысықтың ұрғашы екенін айтып, қан талдауын алды және анемия белгілерін анықтады. Сол күні үйге қайттық. Мысық әлсіреп, ойнауды тоқтатты, дәретке бармады. Кейін дәретінен қан шықты. Біз оны қайтадан клиникаға апардық.

Клиникада диагноз расталды – оба ауруы. Ветеринарлар мысықтың өмір сүру мүмкіндігі аз екенін айтты. Біз оны емдейміз деп үміттенген едік. Бір апта бойы үйден шықпай, күніне екі рет ветеринар шақырып, тамырға дәрі салдық. Барлық дәрілерді өзіміз сатып алып, мүмкіндігінше емдедік. Алайда жетінші күні қайта клиникаға апардық. Мысық ештеңе жемеді. Оның екі аяғына катетер қойылған, диарея болды, жайлап жатты. Салмағы шамамен 400–500 грамм болды. Ветеринарлар барын салды, бірақ сол жерде ол өліп қалды. Біз оны 2024 жылдың 12 қарашада сатып алдық, ал 20 қарашада өліп қалды”, – деп қосты ол. 

“Көршілері оның үйіне біреулердің қорап-қорап марғау әкелетінін көрген”

Динара кейін мысық сатқан адамнан зардап шеккен тек өзі емес екенін білген. 

“Чумка ауруынан кейін үйге бір жыл бойы жануар әкелуге болмайды. Себебі бұл жұғып олар өліп кетуі мүмкін. Сатқан әйел бұл туралы білетін, бірақ бәрібір ауру мысықтарды сатуын тоқтатпаған. Бұл іспен ол күйеуі мен қарындасымен бірлесіп айналысқан. Мен өзге де зардап шеккендер туралы біліп солардың тобына қосылдым. Топта 68 адам болды. Сосын бәріміз алаяқтыққа байланысты полицияға өтініш жаздық. Бірақ ісіміз алға баспады. Қылмыстық іс тоқтатылды, ал бұл туралы бізді еш хабардар етпеді. Азаматтық сотта дәлелдерімізді қабылдамай, бізді кінәлі етті. Біз апелляцияға бердік, бірақ талаптарымыз қанағаттандырылмады. Тіпті біз оған және оның адвокаттарының шығындары үшін қарыз болып шықтық.”, – деп қосты ол. 

Астаналық тұрғынның айтуынша, қанша арыз жазсылса да бұл әйелге ешқандай орган шара қолданбай отыр. 

“Көп адам топтан шығып кетті ұзаққа созылған күрестен шаршады. Әдеттегідей Қазақстанда жануарлар мәселесі шешілмейді. Аружанға қатысты бұрын да сот істері болған, бірақ олардың да нәтижесі шамалы. Қазір біз қайда жүгінуді де білмейміз. Аружанның әрекетінен зардап шеккендер әлі де көп. Салық та, басқа мемлекеттік органдар да еш тексеріс жүргізбей отыр, оның ақша аударымдары да бақылаусыз. Соған қарамастан, ол жануар сатуды тоқтатпаған. Тіпті көршілері де оған сатуды доғаруды сұрағанымен, еш өзгеріс болмады. Олардың айтуынша, оған адамдар үнемі қорап-қорап марғаулар әкеліп тұрады”, – деп қорытты ол. 

Бұған дейін ақпан айында Есіл ауданы полиция басқармасына тұрғындардан оны жауапқа тартуды талап еткен бірлескен өтініш түскенін растады.

"Осы факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлімі (Алаяқтық) бойынша А-ға қатысты алдын ала тергеудің Бірыңғай тізіліміне қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеушінің қарауында", – деген болатын. 

Алайда Stan.kz тілшісі қозғалған іс қазір қай деңгейде екенін сұраған еді, полиция құпия екенін хабарлап, артық ақпарат бермеді. 

“Аталған факт бойынша Астана қаласы ПД "Есіл" ауданы полиция басқармасымен тергеп-тексеру жүргізілгені хабарлаймыз. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс”, – деді ведомство. 

STAN.KZ
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 15:03