5 миллион теңге сұраған: Алматы облысында жасөспірімді қорқытып, ақша бопсалағандар ұсталды
Алматы облысында жасөспірімді қорқытып, ақша бопсалаған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Полицияның мәліметінше, Алматы облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Балқаш ауданы Миялы ауылының 42 жастағы тұрғыны хабарласқан.
Әйелдің айтуынша, 8 ақпан күні сағат 15:00 шамасында Қызыл-Қайрат ауылында белгісіз адамдар оның кәмелетке толмаған ұлын күштеп Hyundai Elantra автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оның сөзінше, күдіктілер баланы ұрып-соғамыз деп қорқытып, жасөспірімнен 5 миллион теңге талап еткен.
"Аталған факті бойынша Бопсалау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушіні интернетте жеке видеосын таратамын деп қорқытып, бопсалағаны анықталды" – делінген полиция хабарламасында.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді 500 мың теңгенің бір бөлігін алу кезінде қолға түсірді. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.