Тіс клиникалары арқылы зейнетақы қорынан 200 миллиард теңге шығарған 11 күдікті қамауға алынды
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын заңсыз шығарған стоматологиялық клиникалар басшыларын тергеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, қаражат қордан стоматологиялық қызмет көрсету туралы жалған келісімшарттар жасау және кейіннен қолдан жасалған медициналық құжаттарды ұсыну арқылы шығарылған.
“Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған. Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден астам қаражат шығарылған”, – делінген хабарламада.
Қылмыстық жолмен келген қаржыға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.
“Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сонымен қатар жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген. Күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы – 30 миллион теңге”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігі.
Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтарға қатысты қылмыстық іс ашылмайды.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар