“4 сағат ұшақтың ішінде отырдық”: FlyArystan әуекомпаниясының басы тағы дауға қалды
Ақтөбеден Астанаға билет алған жолаушылар Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда кешеден бері ұша алмай отыр. Әуекомпания рейс не себепті кешіккенін түсіндірмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
БАҚ өкілдерінен көмек сұраған жолаушылар жүздеген адамның әуежайда сенделіп жүргенін айтты. 16 ақпан күні FlyArystan әуекомпаниясының ұшағы Ақтөбеден Астанаға ұшу керек болған. Бірақ осы уақытқа дейін рейс кешіктірілген.
Жолаушылар өздері билет алған бағыттағы ұшаққа қатысты ақпараттың таблодан алынып тасталғанына алаңдайды.
“Астанаға кеше түнгі сағат 12:00-де ұшуымыз керек еді. Басында сағат 12:50-ге ауыстырды. Белгісіз себеппен ұша алмай тұрдық. Ауа райына байланысты десе де, сол кезде әуежайға ұшақ қонып, басқалары ұшып жатты. Бізді 4 сағат бойы ұшақ ішінде ұстады. Кейін шығып әуежайдың ішінде отырдық. Жолаушыларды толықтай, тамақпен, жатын орнымен қамтамасыз еткен жоқ. 20-30 адамға ғана жатын орын берілді. Бүгін түсте ұшатынымыз хабарланды. Бірақ тағы да шегерілді. Жолаушыларға ештеңе түсіндірілмеді. Бізге компания басшылығы мүлде жауап бермейді. Бүгін тағы кешкі сағат 17:00-де ұшатынымыз хабарланды. Бірақ тағы да ұшқан жоқ. Себебін ешкім түсіндірмей отыр. Біздің рейсті таблодан алып тастады”, – деді жолаушы Аманбол Мұса.
Ақтөбедегі Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай басшылығы ақаудың әуекомпания ұшағына қатысты болғанын хабарлайды. Ал кешіктірілген рейстің қашан шығатыны әлі де нақты емес.
“FlyArystan ұшағы түнгі сағат 12:30 шамасында Астанадан келді. Ұзамай шығу керек еді. Техникалық себеппен шыға алмады. Жолаушылар қонақүйге орналасты. Біздің тарапымыздан автобуспен қамтамасыз етілді. Рейс қазір сағат 18:00-ге қойылды. Бірақ бұл уақыт нақты болмауы мүмкін. Себебі ең бірінші қауіпсіздік маңызды. Ұшақта техникалық ақау болмауға тиіс”, – деді "Ақтөбе халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.