Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

337 миллион теңге жұмсалған: Ақтөбеде тұрғын үйлерді сапасыз салған мердігерлердің ісі сотқа жолданды

Ақтөбе облысында алты жыл бұрын тұрғын үйді сапасыз салған мердігерлер жауапқа тартылмақ. Олар үйді 2019 жылы қолданысқа бергенімен қоймай, құрылысқа 337 миллион теңгеден аса қаржы жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Tengrinews.kz

Мәліметтерге сенсек, Ақтөбе облысының прокуратурасымен Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 278-бабының 2-бөлігі және 280-бабының 1-бөлігімен (алаяқтық, сапасыз салынған құрылыс және сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтiк қызметтер көрсетуді тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.

"2018 жылы Ақтөбе құрылыс басқармасы мен "Машат" ЖШС арасында Ақтөбе қаласында жалпы сомасы 337 миллион теңгеден астам 24 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысына келісімдер жасалған. Тұрғын үйлердің құрылысы кейіннен қосалқы мердігер "Агро-Сервис" ЖШС-ға өткізілген. Көппәтерлі тұрғын үйлер 2019 жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Алайда құрылыс аяқталғаннан кейін үйлердің іргетасында әртүрлі деформация (жарықтар) пайда болған", – делінген прокуратураның таратқан хабарламасында.

Мамандардың қорытындысына сәйкес, үйлер апатты жағдайда, пайдалануға жарамсыз және бұзуға ұсынылған. Іргетас бетон блоктарының техникалық сипаттамалары ГОСТ талаптарына сәйкес келмейді.

Жиналған дәлелдемелердің негізінде күдіктілерге қатысты "үйқамақ", сонымен қатар "кепіл" түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды.

"Қазір облыс прокуратурасымен төрт күдіктіге қатысты қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін, Ақтөбе қаласының №2 сотына жолданды", – деді баспасөз қызметі.



Еске салайық, бұған дейін Астанадағы 73 үлескер мен құрылыс салушы мердігердің құрбаны болғанын жаздық. 2018 жылы басталған көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы 35% ғана аяқталған. Құқық қорғау органдары да істі тергемеген. Астаналық тұрғынның айтуынша, жерді және бизнесті рейдерлік басып алу жаңа форматқа ие болған. Ол 2014 жылдан бері меншігінде тұрған Кенесары хан – Шевченко көшелерінің қиылысында салынып жатқан нысаны бар жерден айырылып қалуы мүмкін екенін айтады. 2018 жылдан бері олар 3 миллиард теңгеден астам инвестиция құйып үлгерді. Жұмыс 35% ғана орындалды.

Талқылау